«Ұлттық дәм фестивалі»: Қазақ тағамдары заманауи форматта ұсынылды

Ақтоты Жапатова 23 мая 2025 16:29

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Алматы қаласы Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі базасында I Республикалық «Ұлттық дәм фестивалі» байқауы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Фестивальге әлеуметтік серіктестер, Алматы, Тараз қалаларынан, сондай-ақ Алматы және Жамбыл облыстарынан келген колледж студенттері, өндірістік оқыту шеберлері мен оқытушылар қатысты. Байқауға жалпы саны 60-қа жуық қатысушы жиналды, ал іс-шараны 50-ден астам қонақ тамашалады.

Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің директоры, байқаудың ұйымдастырушыларының бірі Жабықбаев Н.Ж. шараның маңыздылығын атап өтті:

«Шараның мақсаты — аспаздық өнер саласындағы жұмысшы мамандықтарды насихаттау, қазақ ұлттық тағам дәстүрлерін жаңғырту мен сақтау, сондай-ақ аспаз мамандығының беделін арттырып, жас мамандардың шығармашылық әлеуетін дамыту».

Байқаудың басты мақсаты — қазақ ұлттық асханасының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін сақтау және кеңінен насихаттау, ұмыт қалған тағам түрлерін қайта жаңғырту және елдің мәдени мұрасын көрсететін заманауи жаңа тағамдар жасау болды. Қатысушылар ұлттық гастрономияға, мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылықты арттыруға, сондай-ақ «әсіп», «жанышпа», «ми шұжық», «құйрық бауыр», «жент», «балқаймақ», «уыз», «құймақ» сынды ұмыт бола бастаған тағамдарды жаңаша түрде ұсынуға тырысты. Байқау сонымен қатар қазақ тағамдарын туристер арасында кеңінен танытуға, оны мейрамхана индустриясында ілгерілетуге және аспаздық өнер саласында озық тәжірибе алмасуға ықпал етті.

Байқауға қатысушылардың бірі, Тараз сервис және технология колледжінің оқытушысы Құрманалиева М.З. шара туралы өз пікірін бөлісті:

 «Біз – өндірістік оқыту шеберлерінің командасы, Тараз қаласынан келдік. «Жаңданған ұлттық дәм» номинациясы бойынша қатысып отырмыз. Байқауға дайындық барысында біз ұлттық дәстүрлерімізді зерттеп, мейрамхана мәзіріне енгізуге болатын, заманауи үлгіде дайындалған тағамдар әзірледік. Бұл тағамдар тек отандастарымызға ғана емес, сонымен қатар еліміздің қонақтары мен туристеріне де ұнайды деп ойлаймыз».

Байқау жұмыстарын бағалаумен аспаздық өнер мен кәсіби білім беру саласына маманданған тәжірибелі шеф-аспаздар, мейрамхана бизнесінің өкілдері, оқытушылар, сондай-ақ WorldSkills чемпионатының халықаралық және ұлттық сарапшылары кіретін білікті қазылар алқасы айналысты. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Рекомендовать
Последние новости