Депутат Елнұр Бейсенбаев премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, көлікті сақтандыру қымбаттағанына ашынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол биыл 7 сәуірден бастап өңірлер бойынша сақтандыру премиясы негізсіз күрт өскенін сынға алды.
"2023 жылмен салыстырғанда алғашқы сақтандыру тарифі өңірлерде екі есеге өсіп, шамамен 78 мың теңге болса, ал Астанада бұл баға үш есеге өсіп, 112 000 теңгеге жетті. Яғни жаңадан көлігін тіркеген астаналық азамат енді 36 мың емес, 112 мың теңге төлесе, алматылықтар кемі 78 мың теңгеге, ал өзге өңір тұрғындары 40 мың теңгеге жуық сомаға сақтандыру полисін сатып алады", - деді ол.
Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, сақтандыру коэффициенті бойынша азаматтар арасында теңсіздік туындататын нормаға жол берілген.
"Қазақстан азаматы алғаш рет сақтандыру жасаса А класы(1.8 коэффициент), ал шетелдік азаматқа бірден жоғарғы класс 13-ші санат (0.5 коэффициент) қолданылады. Нәтижесінде еліміздің жас жүргізушісі 80 000 теңге төлесе, ал шетелдік азаматқа бірден 50 пайыз жеңілдік беріледі. Айырмашылығы жер мен көктей! Бұл Ата заңымызда бекітілген "заң алдындағы теңдік" принципін (12-бап) өрескел бұзып отыр", - деді депутат.
Елнұр Бейсенбаев мотоцикл, скутер және мопед жүргізушілері көлік иелерімен бір санатта қарастырылғанын айтты.
"Бұл да қисынсыз. Мәселен 2023 жылы скутер жүргізушісі 7 мың теңге төлесе, 2025 жылғы 7 сәуірден бастап ол шамамен 50 мың теңгеге дейін өсіп отыр. Мұндай жағдай жастар мен курьер ретінде жұмыс істейтін табысы төмен азаматтардың қалтасына едәуір салмақ салатыны айтпаса да түсінікті. Енді скутердің бағасымен шамалас сақтандыру тарифін жас азаматтар мүлдем алмау қаупі туындап отыр", - дейді ол.
Сонымен қатар, оның сөзінше, бұл өзгерістер Көлік министрлігінің, Парламент депутаттарының қатысуынсыз жүзеге асқан, ал бұл өз кезегінде сақтандыру компанияларының мүдделеріне лобби жасау ықтималдығын көрсетеді.
"Егер тарифтер 20-30%-ға көтерілсе, бұл қисынды әрі әділ болар еді. Алайда тарифтер 200%-ға дейін өскенін көріп отырмыз. Бұл Қазақстандағы жүргізушілер тарапынан әлеуметтік наразылық туғызуы мүмкін.
Елдегі халықтың үштен бірінің тағдырына тікелей қатысты мәселені агенттіктің осыған жауапты мекемелермен, жүргізушілер қауымдастығымен талқыламастан, бір жақты қабылдауын қалай түсінуге болады?! Көлік министрлігі қайда қараған? Бұл жөнінде былтыр депутаттық сауал да жолдаған болатынмын. Жыл басында сақтандыру бойынша Үкіметке заң жобасын да қорытындыға жібердік. Бұл да ескерілмеген.
Алдағы уақытта сан мыңдаған жүргізуші осыған қатысты мәселені төтесінен қойып, көтерілсе, оған кім жауап береді?!" - деді ол.