Астанада жедел жәрдемнің жету бағытын нақты уақыт режимінде қадағалауға арналған пилоттық цифрлық сервис іске қосылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Астана қаласының әкімдігі жедел жәрдем қызметінің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис жобасын пилоттық режимде іске қосты. Бұл бастама Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, Yandex Qazaqstan, IT Space және 7Generation компанияларының серіктестігімен жүзеге асырылуда.
Жаңа шешім жедел қызметтердің ашықтығын арттырып, тұрғындардың алаңдаушылығын төмендетуге, сондай-ақ бір шақыру бойынша қайталанатын қоңыраулар санын азайту арқылы диспетчерлерге түсетін жүктемені жеңілдетуге бағытталған.
1-санаттағы (ең шұғыл) шақыртулар тіркелгеннен кейін өтінім берушінің телефонына SMS-хабарлама жіберіледі, онда жедел жәрдем көлігінің нақты бағытын бақылауға мүмкіндік беретін интерактивті картаның сілтемесі көрсетіледі.
Пайдаланушы сілтеме арқылы өтіп, жедел жәрдем бригадасының қозғалысын онлайн бақылап, оның жақындап келе жатқанын көре алады. Функция Яндекс Картасының JavaScript API шешімі негізінде жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда бұл функция Астана қаласында тіркелген кейбір 1-санаттағы жедел шақыртулар үшін қолжетімді. Алдағы уақытта барлық санаттағы шақыртуларды қамту, сондай-ақ сервисті еліміздің өзге өңірлерінде енгізу жоспарда бар.
Заманауи цифрлық шешімдер денсаулық сақтау саласындағы ашықтық пен сенімділікті арттырып қана қоймай, азаматтарға жедел жәрдем көлігінің келуіне алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді (мысалы, шлагбаумды ашу немесе пациенттің құжаттарын дайындау), сонымен қатар диспетчерлік қызметке түсетін жүктемені азайтады.
Денсаулық сақтау саласындағы цифрлық трансформациялау жұмысы медициналық көмектің сапасын, қолжетімділігін және жеделдігін арттыру мақсатында жалғаса береді.