Қайтарылған активтер есебінен Жамбыл облысында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет Жамбыл облысының Қордай және Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын аяқтауға арнаулы мемлекеттік қордан 319,5 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Онда тәулігіне 45 келушіге қызмет көрсетіледі.
Нысандар "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" бағдарламасы аясында салынып жатыр. Бағдарлама бойынша өңірде 30 нысан жоспарланған, оның 28-і пайдалануға берілді. Қалған екеуі биыл тапсырылады.
Ұлттық жоба шеңберінде Қазақстанда 655 жаңа мекеме, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 468 нысанда жұмыс аяқталды.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелерін салуға және ауруханаларды реконструкциялауға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Сонымен қатар, арнаулы мемлекеттік қор есебінен бөлінеді.