Ұлттық банк БЖЗҚ үшін доллар сатып алуды доғарды. Бұл нені білдіреді?

Кәмшат Тілеухан 11 окт. 2024 13:49 2539

Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін валюталық интервенциялар жүргізуі мүмкін. Сарапшы маман мұның нені білдіретінін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Реттеуші орган ұлттық валюта бағамының бүгінгі шамадан тыс құбылмалы құбылысы фундаментальды факторларға негізделмеген деп санайды.

"Мұның себебі бюджет шығыстарының, сондай-ақ мемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға қатысты шығындарының артуына байланысты шетел валютасына деген сұраныстың артуы болып табылады", деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Ол БЖЗҚ үшін KASE биржасында долларды сатып алу процедурасы тоқтатылғанын мәлімдеп (алдында жарияланған көлемге қол жеткізілді), егер жағдай тұрақтанбаса, валюталық интервенциялардың жүргізілуін де жоққа шығармады.

Бұл айтылғандарды негізге алған экономист Ғалымжан Айтқазин Telegram арнасында: "Бүгін таңертең теңге бағамы одан әрі әлсіреп, АҚШ долларының құны 500 теңгеге қарай бет алды" деп жазды.

"...Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова БЖЗҚ-ның валюталық үлесін 40% деңгейінде арттыру бойынша алға қойылған міндет активтер құнының өсуі аясында орындалғанын, яғни реттеуші зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі үшін доллар сатып алуды доғара тұратынын айтты. Сондай-ақ, Ұлттық банк егер жағдай тұрақтанбаса, валюталық интервенциялар жүргізуді жоққа шығармадыОсылайша, БЖЗҚ үшін АҚШ долларын сатып алуды доғара тұратындарын айтқан Ұлттық банк валюта нарығының үлкен ойыншысы ретінде теңге бағамын әлсіретуші факторлардың бірі жойылғанын аңғартты", - дейді экономист. 

Соған қарағанда алдағы күндері бір апта бойы ақырындап жоғарылаумен болған доллар бағамы екпінін басатын секілді. 

Айта кетсек, күні кеше Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов бір апта бойы құнсызданып жатқан "ұлттық валютаның бағамы тұрақты" деп, сынға қалып еді.

 


Рекомендовать
Последние новости