Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін 14,25 % деңгейінде сақтап қалды

Кәмшат Тілеухан 11 окт. 2024 12:24 1567

2024 жылы 11 қазанда ҚР Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізі аралығында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылдық инфляция шілдеде өскен соң тамыз, қыркүйек айларында байыппен төмендеуін жалғастырды. 

"Айлық инфляция орташа тарихи мәндерден және көктем кезі мен жаз басында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендеп келеді, бірақ оның қарқыны әлі де баяу", делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Қыркүйек айында халық күткен ықтимал инфляциялық көрсеткіш көлемі өсті. Сыртқы ортаның тәуекелдеріне әлемдік нарықтардағы азық-түлік бағасының өсуі және Ресейдегі жоғары инфляция жатады. 

"Экономика ішіндегі инфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тарифтердің өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы есебінен сақталып отыр. Ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізу ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды қажет етеді. Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және фискалдық алшақтықты қаржыландыру мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапқан  жағдайда базалық мөлшерлемені байыппен және теңгерімді түрде төмендетуге мүмкіндік болады", делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Сонымен қатар жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ, дегенмен 2024 жылғы қыркүйек айында ол 8,3%-ға дейін төмендеді.

"Жалпы инфляцияның динамикасы Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Азық-түлік тауарларының неғұрлым төмен инфляциясы баға өсімінің баяулауына үлес қосуда. Дегенмен ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер бағасы, сондай-ақ импорттық баға қайта өсе бастады. Жылдық инфляцияның құрамында жүргізіліп отырған "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтер бағасы ең жоғары өсімді көрсетті", - дейді Ұлттық банктегілер.

Айлық инфляция қыркүйекте 0,4% болып, орташа тарихи мәннен жоғары қалыптасты (0,3%). Маусымдық факторлардан тазартылған жалпы және базалық инфляция көрсеткіштері көктемде және жаз басында байқалған деңгейден жоғары қалыптасып келеді.

Халықтың инфляциялық күтулері қыркүйек айында өсіп, құбылмалы болды. Биылға сарапшылардың инфляциялық күтулері де 8%-дан 8,4%-ға дейін өсті.

Орталық банктер қатаң саясат ұстанғандықтанжаһандық инфляция біртіндеп баяулап келеді

"АҚШ ФРЖ инфляцияның төмендеуіне, сондай-ақ еңбек нарығының қалыпқа келуіне байланысты 2020 жылдан бері алғаш рет негізгі мөлшерлемені төмендетті. ЕОБ қыркүйек айында мөлшерлемелерді төмендеткенмен, оның риторикасы өзгерген жоқ. Яғни реттеуші инфляция бойынша мақсатқа қолжеткізуге қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт ақша-кредит шарттарын шектеп ұстауға ниеттеніп отыр. Ал Ресей Банкі болса, жоғары инфляция мен проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі аясында негізгі мөлшерлемені 19%-ға дейін тағы 100 базистік тармаққа көтерді. 2024 жылы Ресейде инфляция болжамнан асып түсуі ықтимал деп күтіледі. Осыған байланысты реттеуші негізгі мөлшерлемені жуырдағы отырыста кезекті рет көтеру мүмкіндігін жоққа шығармайды", делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Базалық сыйақы мөлшерлемесіне қатысты алдағы жоспарлы шешім 2024 жылғы 29 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланатыны нақтыланады.


Рекомендовать
Последние новости