Түркістан. «Вальс королі» премьерасы аншлагпен өтуде

Жарбол Кентұлы 08 окт. 2024 10:39 3005

Түркістан музыкалық драма театрында IV маусым ашылды. Маусым шымылдығын Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклімен түрілді. Төрт күнге жоспарланған премьера аншлагпен өтті. Жаңа спектакльді тамашалауға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қойылым алдында театр басшысы Әлімхан Мырзахан Шәмші Қалдаяқовтың өмірі өрнектелген қойылым туралы пікірін білдіріп, көрерменді жаңа маусыммен құттықтады. Театрға келушілер Отырар ауданындағы Шәмші музей-үйінен әкелінген ән падишасының музыкалық аспаптарымен танысты. Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының төл актерлері сомдады. Театрдың жаңадан құрылған музыкалық ансамблі жанды дауыста сүйемелдеп, театрдың хор ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындады.

Аталған театр биыл сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық драматургия байқауын жариялаған еді. Бәйгеге түскен шығармалар ішінен Байділдә Айдарбектің «Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі болды. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі идея авторы Шынар Омарова алдын ала өткізілген баспасөз жиынында халық қойған мәртебесін ұлықтау мақсатында автордың келісімімен қойылым атауы «Вальс королі» болып өзгертілгенін, басты мақсаты да қазақтың ән падишасын әлемге таныту екенін атап өтті.

Спектаклді қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі мамандар атсалысқан. Қоюшы режиссері – Карло Шакаллуга «Вальс королі» атанған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылығы мен әуелеген әнмен өрілген тағдырынан сыр шертетін қойылымды сахналау, қазақ ән өнерімен танысу қызық әрі жаңа деңгей болғанын жасырмады.

Басты рөлдерде – Данияс Нұрқабден, Қадыржан Төреханов, Али Марат, Сұлтан Мейірбек, Айя Дәрібаева, Аида Серікова, Темірлан Еркінғалиев, Сембай Нұрла, Мұзафар Ғалымжанұлы, Дінмұхаммед Алпысбек, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Мерей Құдайберген, Шерхан Саматұлы, Ұлан Әділбек, Шұғыла Жәнібекова, Болатбек Оспан, Ақбөпе Сабет, Инабат Абытхан, Айдана Аққали, Досымжан Арқабеков, Мейіржан Тұрсынов және тағы басқа.

Қойылымның сценографиясын қойған – Италияның «Architizer Prize and A.I.A Middle East» марапаттарының жеңімпазы «Gio Forma» студиясы,жарық жөніндегі суретшісі – Gaetano La Mela. Қоюшы хореограф – театрдың талантты бас балетмейстері Мадина Мұратпекова. Музыканы өңдеген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Мұхамедиев. Еліміздің белді театрларында қызмет атқарған тәжірибелі маман, костюм жөніндегі суретші – Алма Сырбаева. Хормейстер – Ұлжан Болатханқызы. Музыкалық редакторы – Ақбала Ыбырайқызы.

Қойылым өте жоғары деңгейде болды. Композитордың сезімге толы шабытты шақтары, өмірдегі жан күйзелісі мен Отанға деген шексіз махаббаты шебер суреттелген. Түркістандық өнер ұжымы Шәмшінің Жұмекен Нәжімеденов,  Мұхтар Шаханов,  Мұзафар Әлімбаев сынды танымал ақындармен шығармашылық байланысы көрермен жүрегіне жеткізе білді. Шәмшінің бозбала, жігіт, ел ағасы кезін сомдаған үш әртіс те жұртшылықты тәнті етті.

Қойылым соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалды театр ұжымына ықылас гүлін сыйлап, сахна төрінде шығармашылық топпен арнайы кездесті. Жас театр ұжымының өнеріне жоғары бағасын беріп, қолдау көрсетті.

Осылайша, Түркістан музыкалық драма театры қазақ руханятына төрт аяғын тең басқан ғажап туындыны тарту етті. Шәмшінің ән әлемі мәңгі тоқтамайды.

 


Рекомендовать
Последние новости