Талғардағы жасөспірімнің қазасы біраз былықтың бетін ашты - Жексенова

Қаракөз Амантай 09 окт. 2024 11:51 4843

Талғарда 16 жастағы жасөспірімнің ата-анасының көз алдында қатыгездікпен ажал құшуы қоғамның ашуын тудырып, Алматы облысындағы қылмыстық жазаның ақсап тұрғанын айқындай түсті. Бұл туралы “Ел Дауысы” ҚҚ жетекшісі Аида Жексенова мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қоғам белсендісі бүкіл облыс аумағында қылмыстық топтар еркін әрекет етіп, жазадан жалтарып, жергілікті тұрғындарды үрейлендіріп отырғанын алға тартты. Айтуынша, мәселе тәрбиеде немесе интернеттің әсерінде емес, қылмыстарды елемейтін, тек қайғылы оқиға болғанда ғана әрекет ететін құқық қорғау органдарының әлсіз әрі мардымсыз жұмысында.

Осы тұста ол Ішкі істер министрлігінен Алматы облысында әрекет ететін қылмыстық топтарды әшкерелеп, өз жүйесінде тәртіп орнатуды талап етті.

Еске салайық, Талғарда 16 жастағы жасөспірім 4 қазанға қараған түні көз жұмды. Суық қару асынған бір топ жігіт марқұм Шерзатқа, оның ағасы мен әкесіне шабуыл жасаған.

Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған.

Бір жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.

Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. 

Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Осы тұста марқұмның әпкесі Бақыт Реймова полицейлер төбелеске қатысушылардың бәрін әлі қамауға алмағанын айтады. Ол құзырлы органдардан күдіктілердің бәрін ұстап, көрсетуін талап етіп отыр.

"Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді", - дейді Бақыт Реймова.

Оның айтуынша, Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Қансырап жатқанында күдіктілердің біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған екен. 

"Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?", - дейді марқұмның әпкесі.

Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын айтады. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты. Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.

Оқиға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Алматы облысының прокуратурасы пікір білдірді.

“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости