Ұлттық Банк өз қызметі аясында алтын өндіруші отандық кәсіпорындардан алтын сатып алуда мемлекет құқығын іске асырады. Мұндай операциялар аясында реттеуші орган доллар сататын болады. Осылай деген Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов мұның инфляциялық қысымды төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға бағытталған шара екенін атап өтті, деп жазады Dalanews.kz.
"Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық Банк өз қызметі аясында алтын өндіруші отандық кәсіпорындардан алтын сатып алуда мемлекет құқығын іске асырады. Бұл шара халықаралық резервтерді толықтыруға және экономиканың сыртқы нарықтағы өзгерістерге ұшырамай дамуына бағытталған", – дейді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, ұстанған осы саясат нәтижелі болып, резерв көлемін 45,8 млрд долларға дейін, оның ішінде алтын көлемін 23,8 млрд долларға дейін өсіруге мүмкіндік туды.
"Алайда мұндай операциялар теңге эмиссиясы есебінен қаржыландырылады. Осы жағынан алғанда, ол экономикадағы ақша көлемін арттырып, оның тауарлық массадан асып түсуіне жол береді, бұл өз кезегінде, әрине, инфляцияға әсер етпей қоймайды. Осындай әсерлерді азайту үшін өткен жылы Ұлттық Банк алтын сатып алудың орнына монетарлық бейтараптылық саясатына көшу турасында талқы өткізді. Сол пікірталастың нәтижесінде және жүргізілген талдау нәтижесін ескеріп, алтын сатып алуға байланысты операцияларды теңгеру арқылы доллар сатуға кірісеміз", деген Ұлттық банк басшысы бұл операциялар валюталық интервенцияға жатпайтынын нақтылады.
Операциялардың негізгі міндеті – экономикадағы артық ақшаны қысқарту және инфляцияның нысаналы деңгейін 5%-ке жеткізу.
"Осы шаралар iшкi нарықта валютаға ұсыныс қалыптастырып, iшкi валюта нарығында балансты сақтауға ықпал етеді", – дейді ол.
Оның айтуынша, осы мақсатта долларды сату келесі аптада басталуы мүмкін, ал жыл бойында шамамен 5,5-6 млрд доллар сату жоспарлануда.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов доллар сатып алмайтынын айтқан еді. Оның пікірінше, қазақстандықтар долларға деген психологиялық тәуелділіктен арылуға тиіс.