"Ұлтын қазақ деп жазған". Тәуелсіз комиссия лаңкестердің қайдан келгенін айтты

Dalanews 16 февр. 2022 16:05 999

Белгілі заңгер Айман Умарова лаңкестердің қай елдерден келгенін атады. Оның айтуынша, содырлардың арасында Қытайдан, Өзбекстаннан және Сауд Арабиясынан келген иммигранттар болған. Тәуелсіз заңгерлер "Ақиқат" қоғамдық комиссиясын құрып, қаңтар оқиғасын өз бетінше тексеруде.

Тек Алматыда, олардың айтуынша, қазір 308 адам қамауда отыр. Олардың барлығы тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ұсталған. Бірақ бәрі де өз кінәсін мойындамайды, деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Комиссия мүшелері қаңтар оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық істердің барлығының тергеуіне қатысқысы келеді. Мейіргүлдің туған бауырын іздеп жүргеніне бір айдан асты. Шеруге шыққан Мақсатты 6-қаңтарда полиция ұстап, бір аптадан кейін босата салған. Сол шыққаннан 31 жастағы жігіт хабар-ошарсыз кетіпті. Жақындары оның өлі, не тірі екенін білмейді.

"Бауырымыздың бар-жоғын білуім керек қой. Жаңаөзеннен іздеп келіп отырмын. Өлі, не тірі екенін білмейміз. Бір ай, он күн өтті. Полиция 12-сі шығарып жібердік деген. Содан бері мәйітханаға да бардым. Бармаған жеріміз,  баспаған тауымыз жоқ. "Алтын ордада" жұмыс істеген. Тачка сүйрейтін", - дейді Мейіргүл Қанатбаева.

Мейіргүл сынды жаппай тәріпсіздіктерден кейін жоғалған һәм жазықсыз қамалғандардың құқығын қорғауға "Ақиқат" қоғамдық комиссиясы кіріскен еді.



Заңгерлерден құралған комиссия мүшелері қаңтар оқиғасының себебін де анықтап көрмек. Айман Омарова бастаған топ дүрбелеңнен кейін қозғалған қылмыстық істерден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін түгел шеттету керек деп президентке үндеу жолдады. Өйткені басшылары "мемлекетке опасыздық жасады" деп күдікке ілінген комитетке сену қиын дейді олар.

Комиссия өкілдерінің мәліметінше, қамалғандардың арасында Қытай, Сауд Арабиясы, Өзбекстан азаматтары да бар. Бірақ қаралы қаңтарға қатысқан шетелдіктердің нақты саны әзірге белгісіз.

"Зерттеген кезде кейбіреуі өз ұлтын "қазақ" деп жазғанымен, ұлты басқа сияқты. "Ұлтың кім?" деп сұрағанда, "қазақ" деп айта салғандай. Мен полицияға ата-анасының ұлтына қарау керегін айттым. Ал өңірлер бойынша көбінесе Түркістан мен Алматы облысының тұрғындары. Басқа облыстардан да бар, бірақ олардың үлесі аз", - дейді "Ақиқат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі Айман Омарова.

Қоғамдық комиссияның қатысуымен бірнеше қаланың тергеу абақтысында жатқан 45 күдікті үйқамаққа жіберілген. Адвокаттар "туысымызды изоляторда азаптады" деген шағымдарды да қарап, азаматтарға құқықтық кеңес бермек. Жалпы осы комиссиясының негізгі міндеті —  қаңтар қасіреті арнайы ұйымдастырылған ба, оған кім кінәлі деген түрлі сұрақтарға да жауап іздеу. Комиссия мүшелері қазір шетел заңгерлерімен де келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Рекомендовать
Последние новости