Украинаға қатысты тағдыршешті шешім қабылдануы мүмкін - Макрон

Көркем Алдабергенова 28 февр. 2024 10:42 4773

Франция Украинаға көмек ретінде әскер аттандыруы мүмкін. Мұны ел президенті Эммануэль Макрон жоққа шығармады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Макрон Ресей жеңбеуі үшін қолдан келгеннің бәрі жасалатынын айтты.

"Бүгінде құрлықтағы әскер аттандыру мәселесі бойынша нақты консенсус жоқ, бірақ оны мүлде жоққа шығаруға да болмайды.

Біз Ресей жеңбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", - деді Макрон Парижде өткен Еуропа елдерінің 20 жетекшісі бас қосқан жиында. Саммитке АҚШ пен Канада өкілдері де қатысқан.

Макронға "Украинаға қандай елдер әскер аттандыруы мүмкін?" деген де сұрақ қойылды. Алайда ол сұраққа нақты жауап бермей, әзірге "стратегиялық тұрғыдан екіұшты" жауапта қала беруді қалайтынын жеткізді.

Саммит Макронның ұсынысы бойынша өткен болатын. Онда Ресейдің Украинадағы әскери қимылдарына жауап қарастырылған.

"Ресей Украинаны ғана емес, өзге елдерді де басып алғысы келеді, сондықтан үлкен қауіп туғызып отыр", - деді Макрон.

Сонымен қатар, Макронның сөзінше, Украинаға алыстан соққы жасайтын зымыран мен бомба жеткізумен шұғылданатын жаңа коалиция құрылған.

Бұған дейін Еуропарламент Украинаға қолдау ретінде 50 миллард еуро беруді дауыстаған болатын. Депутаттардың басым көпшілігі бұл ұсынысты қолдады. Еуропарламент ресми сайтында Украинаны қолдайтынын және барынша көмек беретіні жазылған.

 


Рекомендовать
Последние новости