Тағы бір қайырымдылық қорының басшысы ұсталды. Депутат Құспан не дейді?

Қаракөз Амантай 11 апр. 2025 16:32 2803

Кейінгі уақытта елімізде қайырымдылық қорларына қатысты дау-дамай жиілеп кетті. 2024 жылы "Biz Birgemiz Qazaqstan" қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат 3,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Араға ұзақ уақыт салмай, дәл осы айыппен "Елге көмек" қорының жетекшісі Ілияс Сәриевтің де ұсталғаны белгілі болды. Бұл екі оқиға қоғамда үлкен талқы тудырып, қайырымдылық ұйымдарына деген сенімді шайқалтты. Осы тұста, Мәжіліс депутаты әрі белгілі заңгер Абзал Құспан аталған фактілерге қатысты құқықтық баға берді, деп хабарлайды Dalanaews.kz.

"Елге көмек" қорының жетекшісі Ілияс Сәриевтің ұсталуы

Алматыда "Елге көмек" қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сәриев алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты алғаш болып заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желіде жариялады. Ол Сәриевке бірнеше азамат арыз түсіргенін жазған.

"Ілияс Сәриев алаяқтық әрекеттерге байланысты күдікке ілінді. Бұл туралы нақты ақпарат келіп түсті. Қазіргі уақытта оған бірнеше азаматтан арыз түскені белгілі. Сол арыздардың негізінде ұсталған", – деді заңгер.

Кейін Алматы қалалық Полиция департаменті бұл ақпаратты ресми түрде растады.

Сәриев әлеуметтік желіде өзін "қазақтың Робин Гуды" ретінде таныстырып, түрлі концерттер мен қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келген. Instagram парақшасында 600 мыңнан астам жазылушысы бар. Ал "Елге көмек" қорының парақшасына 400 мыңға жуық адам жазылған.

Алайда қордың ресми тіркелгені жайлы нақты ақпарат жоқ. Заңды тұлғалар реестрінен аталған қордың атауы табылмады.

Перизат Қайрат ісі: 3,5 миллиард теңге жымқырды деген күдік

2024 жылы дәл осындай жағдай қайырымдылық ұйымдарына деген сенімді тағы бір мәрте шайқаған еді. "Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен келген табысты заңдастырды деген айып тағылды.

Тергеу деректеріне сүйенсек, Қайрат 2021–2024 жылдар аралығында қор атынан балаларға, Палестинадағы қақтығыс құрбандарына және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаражат жинаған. Алайда бұл қаржы жеке шоттарға аударылып, автокөлік, жылжымайтын мүлік пен қымбат бұйымдар сатып алуға жұмсалғаны анықталды. Келтірілген залал көлемі 3,5 миллиард теңгеге жеткен.

"Қайырымдылықты" қалқан еткен екі күдіктіге қандай жаза тағайындалуы мүмкін?

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заң аясында мұндай алаяқтық істерге тосқауыл қоюға толық мүмкіндік бар. Заңгер Ілияс Сәриев пен Перизат Қайраттың істері қоғамға сабақ болуы тиіс деп санайды.

"Егер Сәриевтің кінәсі Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігімен, яғни "Азаматтарға аса ірі көлемде материалдық залал келтірді" деп танылса, онда оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы әбден мүмкін. Әдетте, мұндай істерде материалдық залалдың көлемі аса ірі көлемнен асып түсіп жатады. Сондықтан осы баппен жаза тағайындалуы ықтимал. Перизат Қайратқа қатысты да дәл осындай жаза қарастырылуы мүмкін", – дейді ол.

Сондай-ақ заңгер "қайырымдылық" атын жамылып жасалатын алаяқтықтың жиілеуіне заңнамадағы олқылық емес, бақылау мен басқарудың әлсіздігі себеп екенін баса айтты.

"Қылмыстық заңнамада ештеңені өзгертудің қажеті жоқ. Қылмыстық кодекстің 190-бабы арқылы алаяқтық жасағандарды жауапкершілікке тартуға болады. Мысалы, Перизат Қайраттың да ісі дәл осы бап бойынша қозғалды. Ол кейіннен ұсталды. Сондықтан арнайы бақылау ұйымын ашудың немесе жаңа заң қабылдаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұл қылмыстық істер бүкіл Қазақстанда кеңінен талқыланады. Оның да өзіндік тәрбиелік мәні бар. Болашақта осындай қылмыс жасаймын деген азаматтарға белгілі бір дәрежеде тоқтам болады деп есептеймін", – деп қосты ол.

Абзал Құспан қайырымдылық ұйымдарының қызметін жүйелі реттеу үшін Үкіметке нақты талап қойды. Заңгердің сөзінше, мемлекет Түркияның тәжірибесін үлгі етіп алуы тиіс.

"Менің ойымша, бұл біздің Үкіметтің әлсіздігін көрсетеді. Осыдан екі жыл бұрын Түркияда үлкен зілзала болды. 50 мыңға жуық адам қаза тапты. Сол кезде Түркияда орталықтандырылған бір қор ашылып, мемлекет өзі бақылау жүргізді. Көмек бергісі келген кез келген адам сол қорға алаңсыз ақша аударды. Барлық қаражаттың есебі берілді. Мұқтаж жандарға көмекті Үкімет өзі жеткізіп отырды.

Біздің Үкімет те дәл осындай мүмкіндікке ие. Осы тұста, Түркияның тәжірибесін қолдануға болады. Бұл үшін арнайы заң шығарудың қажеті жоқ. Бұл жағдай бәрімізге сабақ болады. Көмектесемін деген адамдарға осындай сенімді механизмдер қажет", - деп толықтырды ол.

Оның сөзінше, қайырымдылық қорларына деген талапты күшейту қажет.

"Қолданыстағы "Қоғамдық бірлестіктер туралы" және "Қоғамдық қорлар туралы" заңдар бар. Сол заңдар аясында кез келген қорды тексеруге болады. Егер Үкімет қаласа, салық органдары, қаржылай бақылау ұйымдары арқылы жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады. Ол үшін азаматтардың арызын күтудің қажеті жоқ.

Мәселе – заңда емес, бақылауда. Сондықтан мемлекет осындай қоғамға қауіп төндіретін мәселелерде белсенділік танытуы керек. Бұл көптеген азаматтың сенімін қалпына келтіруге сеп болады", - деп қосты ол.


Рекомендовать
Последние новости