Қытай мен АҚШ Си мен Трамптың кездесуіне дейін сауда келісімінің “шеңбері” жөнінде уағдаласты

Көркем Алдабергенова 27 окт. 2025 11:01

АҚШ пен Қытай алдын ала сауда келісімінің негізгі «шеңберін» келісіп алды. Бұл туралы жексенбі күні екі елдің ресми өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Келіссөздер қалай өтті

Келісімге Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) Куала-Лумпурда өткен саммиті кезінде қол жеткізілген. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин келісімді бейсенбі күні Оңтүстік Кореяда өтетін кездесуінде түпкілікті пысықтауды көздеп отыр. Бұл кездесу Трамптың Азиядағы сапарының соңғы аялдамасы болмақ.

Сапардың басты мақсаты – инвестициялық келісімдер мен бейбіт бастамаларды ілгерілету. Америкалық басшы Малайзия мен Жапониядан кейін Оңтүстік Кореяға баруды жоспарлаған.

Сауда шиеленісі

Әлемнің екі ең ірі экономикасы арасындағы сауда қатынастарында соңғы уақытта кернеу жоғары күйінде қалып отыр. Жуырда Қытай сирек жер металдарының экспортына қатаң шектеулер енгізу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл металдар жоғары технологиялық өндіріс үшін аса маңызды.

Оған жауап ретінде Трамп қытайлық импортқа қосымша баж салығын енгіземін деп сес көрсетті.

Келісім мазмұны

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент келісімді «өте сәтті» деп атап, оның аясында 1 қарашадан бастап Трамп енгізген тарифтердің күшін жою, ал Қытайдың өз шектеулерін бір жылға шегеруі мүмкін екенін айтты.

Болашақ жоспарлар

Трамп екі елдің де «келісімге қол жеткізуді қалайтынын» айтып, мәміле жақында жүзеге асатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол болашақта Қытайға баруды жоспарлап отырғанын айтып, Си Цзиньпинді Вашингтонға немесе Флоридадағы Мар-а-Лаго жеке клубына келуге шақырды.


Рекомендовать
Последние новости