28 наурызда ҚР Ұлттық Банкі айырбастау пункттерінде валюта бағамдары бар жарық таблоларын орналастыруға тыйым салуға бастамашылық жасады. Жол бойында, ғимараттардың қасбеттеріндегі әдеттегі электронды белгілерге шектеу қойылмақшы. Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қоғамдық талқылау 14 сәуірге дейін жалғасады.«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2025 жылдың тамызында енгізілуі күтілетін аталмыш шараларға қарсылығын білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҰКП сарапшылары «бұл мәселені бизнес-қауымдастық өкілдерімен, тұтынушылар, сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі уәкілетті органдардың және жол полициясының қатысуымен мұқият пысықтау қажет» деп атап өтті.
Негіздеме ретінде Ұлттық Банкте жүргізілген талдауға сілтеме жасалады: деректерге сүйенсек, валюта айырбастауды жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдардың ақпараттық стендтері көлік құралдарының қозғалысы қауіпсіздігінің талаптарын бұзады. Алайда, апатқа не жол белгілерінің көрінбей қалуына таблоның әсері туралы нақты статистикалық мәлімет пен дәлелдер келтірілмеген.
«Валюталарды сатып алу/сату бағамы туралы ақпарат жалпыға қолжетімді ақпарат болып табылады. Ғимаратқа кіре берістен тыс орналастырылатын деректер сыртқы (көрнекі) жарнамаға жатады және оларды заңнама талаптарына сәйкес жалпы негіздерде валюта айырбастауды жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдар белгілейді», - деп атап өтті ҰКП сарапшылары.
Сонымен қатар, шара тұтынушылардың құқығын бұзады. Заңнамаға сәйкес азаматтардың тауар (жұмыс, қызмет) және олардың жеткізушілері (дайындаушы, орындаушы) туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар. Көше тақталарына тыйым салу айырбастау пунктіне барғанға дейін валюта бағамдары туралы ақпаратқа қол жеткізуді шектейді. Бұл, «Атамекен» сарапшыларының пікірінше, ашықтық қағидаттарына қайшы келеді және тұтынушыға бәсекелестік нарықтағы жағдайларды объективті бағалау мен салыстыруды қиындатуы мүмкін.
Аталмыш бастама ҚР Конституциясына сәйкес, әркімнің еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар деген және ҚР Кәсіпкерлік кодексінде көзделген адал бәсекелестік қағидаттарына қайшы келеді.
Мәселен, ЭЫДҰ және ТМД елдерінде айырбастау пункттері қауіпсіздік нормалары мен көрнекі оқылым сақталған жағдайда үй-жайлардан тыс жерлерде валюта бағамын еркін орналастырады. Польша, Грузия, Чехия, Армения және Өзбекстанда курстарға қатысты ақпарат жарнама емес, қоғамдық ақпараттың элементі болып есептеледі. Бұл өз кезегінде нарықтың ашықтығы мен адал бәсекелестік принциптерін қолдайды.