"Kaspi алда келеді". Сарапшы халықтың не себепті несиеге батып жатқанын айтты

Dalanews 11 апр. 2025 13:35 804

Бюджетті толықтырушы мұнай бағасының құлауына түрткі бола алатын ғаламдық экономика рецессиясы қаупінің беті әлі қайтпай тұр. Үзіліс жарияланғанына қарамастан АҚШ пен Қытайдың сауда қақтығысы ушыға түсуде. Оның үстіне  қосымша құн салығын 12%-дан 16 %-ға өсіретін, 1,3 трлн теңгенің жолын жабушы 128 түрлі салықтық жеңілдіктердің көзін жоятын жаңа Салық кодексі келесі жылы қолданысқа енгізіліп қалуы да мүмкін. Мұндай жағдайда жабылатын экономикалық нысандар қарасы да көбеюі ықтимал. Сондықтан Үкімет қазірден алдағы қиын-қыстау кезеңді өткерудің сценариін дайындауды қолға алуда. Бұл ретте, ең бірінші кезекте елімізде несие алушылар қарасының көптігі Үкіметті де, Ұлттық банкті де алаңдатып отырған жайы бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Банктік қарыздардың жалпы жиынтығында тұтынушылық несиелер үлесі 39,2% -ды құрайды. AERC консалтингтік қызметтер департаментінің аға сарапшысы Ерасыл Серікбай ішкі кредиттік нарық құрылымындағы осы сегменттің басым мәнге ие екенін растайды. Әсіресе, іскерлік белсенділіктің баяулауы және мемлекеттік ынталандырудың шектеулі ықтимал жағдайында. Сарапшы тұтынушылық несиелендіру ел дамуының негізгі драйверлерінің бірі екенін еске салады.

"Мұндай белсенділік, әдетте, сауда, қызмет көрсету және тұрғын үй құрылысы саласында оң динамиканы қалыптастыра отырып, экономикалық өрлеу кезеңдерімен қатар жүреді. Алайда, мұндай модельдің тұрақтылығы, көбінесе қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындау қабілетіне және қаржыландыру жүйесінің сапасына байланысты", - дейді ол.

Оның айтуынша, 2025 жылдың басында елімізде қарыз алушылар саны 8,6 миллионнан асты. Бұл экономикалық тұрғыда белсенді халықтың айтарлықтай үлесін танытады. Оның 53%-ға жуығы 1 млн теңгеден аз берешегі ба,  олар несиелендірудің жиынтық сомасының 7%-ын ғана құрайды. Ал банктер алдындағы негізгі берешек (шамамен 93%) ірі қарыздары бар ауқатты тұлғаларда шоғырланған, деп нақтылайды Серікбай.

"Осы жағынан алғанда,макроэкономикалық тұрғыда қарастырлатын республикамыздағы халықтың несиелендірілу деңгейі тәуекелдер тудырмай, қалыпты мәндер шегінде деп айтуға болады. Алайда, микро деңгейде борыштық жүктемелердің көріністері байқалады, әсіресе табысы төмен, жұмысы тұрақсыз және қаржылық ақпаратқа қолжетімділігі шектеулі үй шаруашылықтары арасында. Халықтың осы санаттары борыштық жүктемеге, оның ішінде қамтамасыз етілмеген несиелердің жаппай берілуіне және қаржы құралдарын таңдау шектеуілігіне байланысты қарызға батуға көбірек ұшырайды",-деп атап өтті AERC өкілі.

Оның көзқарасынша, қарызға батуға мына санаттағы тұлғалар әлдеқайда бейім:

  • Халықтың әлеуметтік осал тобы қатарына жататын және қаржылық тәуекелдерге бейімділігі жоғары көп балалы отбасылар, әсіресе ауылдық жерлерде тұратындар;
  • Жастар, атап айтқанда, ұзақ мерзімді пайдалануға жататын тауарларды сатып алушы, оқуға ашқа төлеуші, үйлену тойын жасаушы, саяхаттағанды жақсы көретін 25-34 жас аралығындағылар тұтынушылық несиелер мен микрокредиттерді жиі рәсімдейді. Оның үстіне олардың табысы да тұрақты емес. МКБ есептеріне сәйкес, қарыз алушылар арасында жастардың үлесі, әсіресе ірі қалаларда тұрақты түрде жоғары болып келеді.
  • Табысы шектеулі үй шаруашылықтарындағылар негізгі қажеттіліктерін жабу үшін несие алуға көбірек жүгінеді. Бұл топтағылардың қаржылық сақтандыру сапасы төмен және банктерге қолжетімділігі шектеулі, сол себепті олардың өте жоғары сыйақы мөлшерлемесіндегі несиелерге ұрынуы қаупі де жоғары.  
  • Несие алғандар арасында әйел адамдардың белсенділігі жоғары. Әсіресе,  жалғызбасты аналар мен жұмыссыздар қарыз қамытына түсу ықтималдылығы жоғары.  

"Несиелендіру тек сандық емес, сонымен қатар әлеуметтік сипатқа да ие. Бұл реттегі осалдыққа ықпал етуші негізгі факторлар қаржылық сауаттылықтың төмендігі, қамтамасыз етілмеген қарыздардың жоғары үлесі, микроқаржы ұйымдарының кеңінен қанат жаюы, ақша жинақтарының болмауы немесе баламалы ақша көздеріне қолжетімсіздігі болып табылады", деп есептейді Серікбай.

 

Банк секторының несиелері

Сомасы, трлн теңге

Несиелердің жалпы сомасындағы үлесі, %

Барлығы

36,1 трлн тг

 

Касіпкерлік субъектілері

14,9 трлн тг

41,4%

Халық

21,1,трлн тг

58,6%

- ипотекалық заемдар

6,1 трлн тг

 

- тұтынушылық заемдар

14,1 трлн тг

 

- өзге мақсаттағылар

900 млрд тг

 

 Дереккөз: Ұлттық Банк

Проблемалық несиелер қай банктерде қордаланған?

1. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, еліміздегі микоқаржы ұйымдары берген несиелер бойынша мерзімі өткен берешектер көлемі 296 млрд теңгеге жетіп, көш алдында келеді. Ең үлкен өсім  1-ден 30 күнге дейін кешіктіргендер құрайды: 18,3%  немесе 100,8 млрд теңге. Сондай-ақ, NPL мөлшері 61-ден 90 күнге дейін кешіктергендер 9,05%-ға (шамамен 47 млрд теңге) өсті. 90 күннен асатын мерзімі өткен берешек несиелерге келетін болсақ, мұнда 4,7%-ға немесе 102,3 млрд теңгеге дейін төмендеу болыпты. Сол секілді NPL мөлшері 31-ден  60 күнге дейінгілері 11,2%-ға,  яғни 45,8 млрд теңгеге дейін азайды.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарында 90 күннен астам мерзімі өткен микроқарыздар бойынша провизия мөлшері шамалы ұлғайды: 87,4-тен 87,9 млрд теңгеге дейін (+0,57%).

2. Жалпы, Қазақстанда 90 күннен артық төленбей қалған несиелер (NPL 90+) көлемі жөнінен 2024 жылы Kaspi Bank көш бастаған еді. Ұлттық банктің статистикасына сай, аталмыш қаржы институтының кешіктірілген несие сомасы 291,6 млрд теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Kaspi-дің NPL 90+ үлесі 211,3 млрд теңге болған еді.

3. Одан кейін Halyk Bank тұр. Қазақстандықтардың бұл банктегі кешіктірген несие мөлшері 270,5 млрд теңгені құрап отыр. Есесіне Отбасы банктегі (бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) 90 күннен астам уақыт өтелмеген несие көлемі небәрі 4 млрд теңгемен ең төменгі көрсеткіштің қатарына ілінген.

Жалпы, бүкіл банк секторы бойынша NPL 90+ көлемі 1,094 трлн теңгеден асты.

Қорыта айтқанда, төлем мерзімін өткізіп алған несие көлемі нарықтағы ең ірі ойыншылардың бірі Kaspi Bank-та көбейгенімен, оның жалпы несие портфеліне де байланысты екені белгілі. Мұндай динамиканы талдау үшін банктердің несие беру саясаты, халықтың төлем қабілеті және экономикалық ахуал секілді бірнеше факторларды ескеру қажет.


Рекомендовать
Последние новости