ТЖМ экс-министрінің ұлы «ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымындағы басшылық қызметінен кетті

Көркем Алдабергенова 28 июл. 2025 17:00

Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы Юрий Ильиннің ұлы Игорь Ильин «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «KMG PetroChem» ЖШС басқарма төрағасы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның орнына бұған дейін сол компанияда бизнесті дамыту жөніндегі орынбасар қызметін атқарған Диаз Диянов келді.

Компания мәліметінше, Дияновтың кәсіби тәжірибесі 20 жылдан асады, оның 15 жылын KMG құрылымында өткізген.

Бұған дейін ол «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ, Атырау МӨЗ және KPI Inc. компанияларында қызмет еткен.

Ильиннің «KMG PetroChem»-ден кету себебі әзірге белгісіз. Ол аталған компанияны 2024 жылғы желтоқсаннан бері басқарған. Бұған дейін Karabatan Utility Solutions ұйымында және «Самұрық-Қазына» қоры мен Александр Клебанов пен Сергей Канға тиесілі Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының құрылымдарында басшылық қызметтер атқарған.

Ал оның әкесі Юрий Ильин 2023 жылы Абай облысындағы қайғылы оқиғадан кейін ТЖМ басшысы қызметінен босатылған болатын.


Рекомендовать
Последние новости