Берденовке жасалған шабуылдың себебі белгілі болды

Сағыныш Сардарова 28 июл. 2025 14:57

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылдың себебі белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Прокурор Бауыржан Қараманов сотта оқиғаның барлық жай-жапсарын қамтитын айыптау актісін егжей-тегжейлі оқып берді.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 21 сәуірінде айыпталушы Ернар Жиембай Шымкент қалалық құрылыс басқармасының салынып жатқан нысандарға мониторинг жүргізу бөлімі бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкім орынбасары Руслан Берденовтің тапсырмасымен "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі қажет екенін айтқан.

Айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, осы жайттан кейін Жиембайда Берденовке қатысты өшпенділік пен оны өлтіруге деген ниет пайда болған. Ол дүкенге барып, ішімдік сатып алып, оны көлікте ішіп, кейін үйіне барып, "Сайга" маркалы аңшы мылтығын алған. Біраз уақыт бойы қаруды жұбайына тиесілі көліктің жүк салғышында сақтаған.

Кешке қарай Жиембай қала әкімдігінің ғимаратына барып, әкімнің орынбасарын күткен. Берденовті көрісімен оған бес рет оқ атқан.

Руслан Берденов жарақат алғанына қарамастан қарсылық көрсеткен. Осы сәтте оқиғаға әкім орынбасарының жүргізушісі араласқан.

Айта кетейік, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша алдын ала отырыс өтті.

Сот отырысында судья Абинұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.

Руслан Берденов алдын ала тыңдауға өзі келмеген. Оның өкілі Берденовтің қазіргі уақытта ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Бұл іс бойынша басты күдікті - Ернар Жиембай. Ашық форматта өткен алдын ала тыңдау кезінде судья Жиембайдың сот процесі барысында өзін түсіруге қарсы екенін жеткізді.


Рекомендовать
Последние новости