Айгерім Алтынбек Портофинодағы халықаралық опера байқауында абсолютті жеңіске жетті

Ақтоты Жапатова 28 июл. 2025 13:41

Италияның Портофино қаласында өткен XI Халықаралық опера байқауында (CLIP 2025) қазақстандық опера әншісі Айгерім Алтынбек тарихи жеңіске жетіп, бірден төрт беделді марапатты иеленді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Concorso Lirico Internazionale di Portofino байқауына қатысқан Айгерімнің жетістігі байқау тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға болды: ол бір уақытта Бірінші орынды, Көрермендер көзайымы жүлдесін (Emotion Prize), "Үздік әйел дауысы" жүлдесін және Музыкалық сыншы, профессор әрі арт-директор Карло Майердің арнайы сыйлығын жеңіп алды.

Қазылар алқасының төрағасы, танымал опера менеджері Доменико Мейердің айтуынша, Айгерім Алтынбек байқаудың барлық кезеңінде қазылар алқасының бірауыздан бірінші орнына ие болған. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі және кәсіби қауымдастық пен көрермендердің толық қолдауын көрсетеді.

Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық өтінім түсіп, оның ішінде 92 орындаушы жартылай финалға өтті. Ал финалға шыққан 10 үздік вокалисттің өнері Teatro Carlo Felice оркестрінің сүйемелдеуімен Портофино орталығындағы ашық сахнада орындалды. Финалдық гала-концерт Италия ұлттық телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Айгерімге ерекше марапаттардың бірі – Чилидегі Ibáñez-Atkinson қоры тағайындаған "Үздік әйел дауысы" жүлдесі болды. Бұл қор алғаш рет Еуропадан тыс орындаушыға қолдау білдіріп, Айгерімге кәсіби ұсыным хат пен Латын Америкасында шығармашылықты жалғастыруға шақыру ұсынды. Бұл қазақстандық әншінің халықаралық сахнада жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Айгерім Алтынбектің жеңісі – тек жеке табыс емес, сонымен қатар қазақстандық мәдениет үшін айтулы оқиға. Қатты бәсеке жағдайында ол вокалдық шеберліктің, сахналық дайындық пен көркемдік мәнердің жоғары деңгейін көрсете отырып, қазақстандық вокал мектебінің әлемдік деңгейде екенін дәлелдеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Айгерім Алтынбектің 2025 жылғы 22–27 шілде аралығында өткен байқаудың финалына шыққаны хабарланған еді.


Рекомендовать
Последние новости