TikTok-та Талғар әкімі "хит" боп жатыр

Сағыныш Сардарова 11 апр. 2025 14:51 787

Талғар әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы халықпен тілдесудің жаңа форматына көшкен, әкімнің видеолары желіде көп қаралым жинап жатыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қала басшысы "akim_goroda_talgar" атауымен желідегі парақшасын белсенді жүргізеді. TikTok желісінде 30 мыңға жуық оқырман жинаған, ал видеоларының қаралымы бірнеше жүз мыңнан асып кетеді. Арыстанбек Әбілқайырұлы желіде тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, тіпті бір азаматты үйіне іздеп келген.

Қала тұрғындарының бірі өзі тұратын көше лас екенін айтып шағымданған. "Левитана көшесін көрші, қандай лас?!" деген тұрғынның сұрағына әкім былай жауап қатқан:

"Марс, келе жатырмын, қарсы ал. Үйдесің бе? Шық. Қазір Левитана көшесіне келеміз. Бес минутта боламын", - дейді әкім видеода.

Әкімді қонаққа шақырған талғарлық үйінде жоқ болып шықты, ол әкімнің видеосына "мен жұмыстамын ғой" деп жазып жіберген.

"Марс, сенікіне келіп тұрмын. Көшенің ағашын, тазалығын көріп отырмын. Уақытың болған кезде келеміз", - дейді әкім.

Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында әкім әлемжелідегі белсенділігін түсіндіріпті. Әкім әлеуметтік желіде мұндай танымалдылыққа әлі үйренбеген, бірақ бұл оған күнделікті жұмысын халықпен бөлісуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

"Парақшаны алғаш ашқан кезде таныстарымнан 36 адам болды. Кейін адамдар ақырындап қосыла бастады, ал кейінгі екі аптада көп тіркелді. Халықтың шағымдарына уақытында жауап берілсе, қалада шиеленіс болмайды деп ойлаймын", - дейді ол.

Әкімге контент бойынша SMM-менеджер көмектеседі екен. Қала басшысының сөзінше, бұл соның идеясы болған.

Арыстанбек Әбілқайырұлы туралы не белгілі?

Ол 1983 жылы дүниеге келген. Мамандығы - эколог.

  • 2005-2006 жылдар аралығында «MAG group» құрылыс компаниясында еңбек жолын бастаған;
  • 2006-2009 жылдар аралығында Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директор көмекшісі қызметін атқарған;
  • 2009-2023 жылдар аралығында Талғар қаласындағы «Марат» өндірістік кооперативінде даму менеджері болып, осы кәсіпорынның орынбасары лауазымына дейін көтерілген;
  • 2023 жылдан бастап «Талғар тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарған.
  • 2024 жылы 18 желтоқсаннан бастап қазірге дейін Талғар қаласының әкімі.

Рекомендовать
Последние новости