"Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлей алмаймыз ба?". Рудныйдағы тіл жанашырлары дабыл қақты

Қаракөз Амантай 11 апр. 2025 13:05 37949

Рудный қаласындағы қоғамдық көлікте хабарландырулардың тек орыс тілінде берілуі жергілікті тұрғындардың ашық наразылығына ұласты. Қоғам белсендісі әрі ұстаз Ақмарал Шатемірқызы бастаған тіл жанашырлары қала әкімдігіне ашық үндеу жолдап, өңірде мемлекеттік тілдің шеттетіліп жатқанын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Мемлекеттік тіл мәртебесі Конституцияда нақты жазылғанымен, өмірде мүлде басқаша болып тұр. Рудный қаласындағы жағдай — соның бір дәлелі. Автобуста тек орыс тілінде хабарландырудың жасалуы — жай ғана техникалық қате емес, бұл тіл саясатының шынайы бет-бейнесі. Ал әкімшілік үнсіз отырса немесе қолдап отырса — онда мәселе одан да терең. Қоғамдық көлікте, тағы бір анықтап қояйын, жеке көлікте емес, қоғамдық автобуста кондуктордан қазақ тілінде сөйлеуін сұраған қазақтілді азаматтардың өтінішіне Рудный әкімдігі Қазақстан Республикасы Конституциясының  7-бабына сәйкес “Мемлекеттік Тіл – Қазақ  тілін” мүлдем сырып қойып, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады және Тіл туралы Заңның 6 бабына орай  Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін еркін таңдауы құқылы деп, Қазақ тілінің маңызын бұрмалап жауап бергеніне не айтуға болады?”, — дейді тіл жанашыры.

Шатемірқызы Рудный қаласы әкімдігіне жолдаған ашық үндеуінде мемлекеттік тіл — қазақ тілінің қоғамдық кеңістікте тасада қалып жатқанын жеткізді. Ол әкімдіктің бұл әрекетін тіл саясатына жасалған немқұрайлылық және Конституцияға қайшы әрекет деп бағалады.

“Құрметті Рудный қаласының әкімдігі, Бізге Рудный қаласының тіл жанашырларынан шағым түсіп отыр. Қоғамдық көлікте тек орыс тілінде хабарландыру берілетіні айтылған. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі ескерусіз қалып отыр. Қазақстан Республикасының Конституциясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Бұл талап тек құжатта емес, өмірде көрініс табуы тиіс.

Автобустағы әрбір хабарлама, бағыт атауы, аялдама — екі тілде, бірінші кезекте қазақ тілінде айтылуы міндетті. Бұл — мемлекеттік тілді насихаттаудың ең қарапайым әрі нақты жолы.”, – деп атап өтті ол.


Сондай-ақ ол бұл жағдайдың тек тілге қатысты емес, елдің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігіне де қатысы барын алға тартып, мемлекеттік мекемелер, соның ішінде жергілікті әкімдік халыққа үлгі болуға тиіс екенін ескертті.

“Тіл тек қарым-қатынас құралы емес — ол ұлттық қауіпсіздік, елдің болашағы. Рудный — Егемен Қазақстанның қаласы. Ендеше, қазақ тілі бұл қаланың да тірі тынысына айналуы керек”, – деді Ақмарал Шатемірқызы.

Тіл жанашырлары қоғамдық көліктегі барлық хабарландырудың қазақ тілінде жүргізілуін және қалалық кеңістіктегі барлық дыбыстық, мәтіндік ақпараттың мемлекеттік тілде болуын талап етіп отыр.

Айта кетейік, кейінгі уақытта қазақ тіліне қатысты мәселелер жиілеп кетті. Мемлекеттік тіл мәртебесі Конституцияда нақты жазылғанымен, күнделікті өмірде бұл талаптың орындалмай жатқаны жиі көзге ұрынады.

Мәселен, жақында әлеуметтік желіде Magnum супермаркет желісінің курьері жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат қызу талқыға түсті. Даудың туындауына курьердің клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауы себеп болған.

Тапсырыс беруші Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде, курьер одан қазақша сөйлеуін талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьердің жұмыстан қуылғаны белгілі болды.

Magnum компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, курьердің жұмыстан шығарылуы тек тіл мәселесіне байланысты емес екенін айтты. Олардың мәліметінше, курьер клиенттермен бірнеше рет дөрекі сөйлескен.

Компания барлық тұтынушыға бірдей құрметпен қарайтынын және қызмет көрсету мәдениетін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырды. Қазақстандықтар Magnum желісіне бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары компанияның әрекетін сынға алып, мемлекеттік тілге деген құрмет төмен екенін жазды.

Ал күні кеше біраз күннен бері қызу дауға айналған Magnum мәселесіне нүкте қойылды.

Әлеуметтік желіде курьер мен тапсырыс берушінің видеосы тарады. Олар ортақ келісімге келгенін мәлімдеді.

"Соңғы күндері әлеуметтік желіде маған және Magnum-ға қатысты әңгіме болып жатыр. Сол туралы түсіндіріп кетсем деймін. Алдымен баршаңызға қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін үлкен рақмет! Өмір болған соң түсініспеушіліктер болып тұрады. Бірақ бәріміз қазақпыз ғой. Елімізге тыныштық пен татулық керек. Біз кездесіп, татуласып, қол алыстық. Қазір Magnum-да жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бәрі жақсы. Жұмыс берушіге ешқандай шағымым жоқ. Осымен мәселеге нүкте қойып, тоқтасақ деймін. Бәріміз бір қазақпыз", - дейді видеода курьер.

Асылхан есімді тапсырыс беруші де жағдай шешілгенін жеткізді.

"Қадірлі ағайын, мұндай жағдай болғаны өкінішті. Қатемізді түсіндік. Екеуміздің бір-бірімізге ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ", - деді Асылхан Жанагизов.


Рекомендовать
Последние новости