Украинаны жаулап алу жоспарын қолтығына қыса барған Путин мен Си Сзинпинің кездесуі ұзаққа созылған. Кремль көсемі көздеген мақсатына жетіп, Қытайдың «рұқсатын» алып қайтқан. Ақпанның 4-і күні өткен жүздесуде соғыстың алғышарты жасалған.
Сөй деген Сорос «Путин үшінші дүниежүзілік соғысты бастап кетті...» дейді.
«Ресей агрессиясының ақыры өркениеттің күйреуімен аяқталады. Ол Қытайды арқаланып отыр. Бейжіңнің қолдауынсыз бөгде елге басып кіруге Кремльдің дәті жетпес еді.
Ақпанның басында алты сағат бойы ақылдасқан Путин мен Си екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған аса маңызды саяси құжатқа қол қояды. Бұл жолғы құжаттың сипаты, ауқымы алыс-беріс, барыс-келіспен ғана шектелмейді!
Ресей мен Қытай Украин мәселесінде бұра тартпауға уағдаласады. АҚШ пен Батысқа бірлесе төтеп беріп, демократияның өрісін тарылту туралы консенсусқа келеді. Қытай неге үнсіз жатыр демеңіз, «үнсіздік» Ресей агрессиясын құптауды білдіреді», – дейді Сорос.
...
Си Путинге Украинаны талқандауға толық карт-бланш берген. Бейжің билеушісіне Путиннің дерті жұғып, Қытайды көрге кіргенше басқаруды көздеп отыр. Бұл мәселе биылғы жылдың соңына дейін ретке келуі тиіс.
Соростың айтуынша Си өзіне дейінгі Мао Сзедун және Ден Сиапин секілді тарихта қалуды көксейді. Бүкіл билікті уысында ұстағысы келетін Бейжің көсемі бұл ойын жүзеге асыратын сәтті сценарийді де сайлап қойған.
«Сидің қолдауына ие болған Кремль көсемі өмір бойы аңсаған арманын жүзеге асыруға қауырт кірісіп кетті. Ол үшін қолын қанға малудан тайынбады.
Путин де Сидің санатында ойлайды. Жақында 70-ке толатын ол орыстың жадында сақталып, тарихта қалғысы келеді. «Биылдан кешікпеуге тиіспін, ширақ қимылдауым керек. Америка алдымды орап кетсе, ертең бармақ шайнап қаламын» деп пайымдайды.
Путиннің түсінігіндегі Ресей бүгінгі әлемнің қалыбына сыймайды. Кремльдің концепциясы орысты ортағасырға ысырып тастады. Путиннің ұғымында орыс халқы патшаға мұхтаж, патшаның әміріне бағынып, ізіне ілесіп жүруі тиіс. Патшаға қарсы келуге құқы жоқ. Путин – патша. Ал бұл демократияның құндылықтарына қайшы келеді.
Орыс халқы әсерге берілгіш, Путин пропагандасы орыс халқын рухани жарымжан ұлтқа айналдырды, орыстың жан-дүниесі ластанды. Агрессия олардың денесіне таралып кетті, – дейді Сорос.
...
Миллиардер Кремль басшысын біраз уақыттан бері барлап, бақылап жүргенін айтады. Соростың білуінде, Путин аяушылық сезімнен ада. Ол шешен халқын жер бетінен жойып жібере жаздаған, Киевтегі әрекеті де соған ұқсас.
КГБ-ның шекпенінен шыққан ол соңғы 10-15 жылда адам танымастай өзгерген. Шынайы өмірден тым алшақ кеткен Кремль диктаторы критиканы мүлдем қабылдай алмайды. Оның принципіне қайшы пікір айтқан адамдардың оққа ұшуы немесе іс-түссіз жоғалып кетуі соның дәлелі.
Украинаны екі-үш күнде жаулап аларына сенген Путин шымбайына бататын шындықпен бетпе-бет келген.
«Ол орыстілді украиндардан үміт күтті. Олар орыс солдаттарын құшақ жая қарсы аларына сенімді болды. Орыстілді украиндар Киевті күйретуге атсалысады, орыс оккупанттарының қатарына қосылады деп пайымдады.
Іс жүзінде орыстілді украинның украин тілінде сөйлейтін аудиториядан еш өзгешілігі жоқ. Олардың тілі бөлек болғанмен, таным-түсінігі бір. Украин жеріндегі қос тілді аудитория – Путинді агрессор деп таниды. Кремль украин халқы мұншалықты қарсылық көрсетерін күткен жоқ. Күші басым жауға тойтарыс берді», – дейді миллиардер Сорос.
...
Естеріңізде болса, былтырғы жылдың бел ортасында Путин орыс пен украинның бір ұлт, бір халық екенін дәлелдеп бағып, Кремлдің ресми сайтында өтірік-шыны аралас салақұлаш мақала жариялаған.
«Ресейдің ырқына көнетін қарапайым халықты неонацистер тұзақта ұстап отыр. Киев «орыс әлемінің» кіндігінде орналасқан қала. Украин халқын Майданға мәжбүрлеп алып шықты», – деген сыңайда сөйлеген еді Кремль көсемі.
Соростың топшылауынша Путин осы арқылы өзі-өзін жұбатқысы, алдағысы келеді. 2014 жылғы дүрбелеңде күллі ел Батысқа бет бұрған.
Киевтің уыстан шығып кеткенін мойындағысы жоқ Мәскеу еркіндікке ұмтылған ұлтты бодандық құрсауында ұстағысы келеді. Бауырлас елді бітіспес жауға айналдырған Путиннің бұл ойы іске аспайтын сыңайлы.
«Кремль күшіне сенді. Әскердің күшімен Киевтің мысын деп басамыз ойлады. Саланы іштен ірітіп жатқан коррупцияны есепке алған жоқ. Ресейдің түбіне жететін ең үлкен кесел – коррупция. Тонаудың көкесі армияда болды. Мемтапсырыс ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Ресей армиясы көтерем күйде. Бұған Путиннің де көзі жетті.
Азуын айға білеген орыс армиясы мен орыс техникасының күллі көкке ұшты. Соғыстың кейінгі күндері Кремль көсемі ақылынан адаса бастады. Агрессияға тойтарыс берген Украинаны бет албаты бомбылауға көшті. Соғыста да ереже болады-ау дегенді ұмытты. Путиннің қолынан қаза тапқан қарапайым тұрғындардың санында есеп жоқ. 400 мың тұрғыны бар Мариуполь екі апта бойы ас-сусыз отыр. Ресей түбінде жеңіледі...», – дейді Сорос.
Оның пікірінше АҚШ пен Батыс Киевке жойғыш қаруды жеткізуді үдете түседі. Соғыс созыла түссе әскери ұшақтар мен тікұшақтар жеткізіп береді.
Ал Путин болса өзі де аңдамай Батыс әлемін бір жұдырыққа жұмылдырған. Еуроодақ шынайы мәндегі біртұтас құрылымға айналған. Бұдан былай НАТО жаудың қай тұстан төнерін анық білетін болады.
«Ал Қытай ше? Сиге ақыл кірген сыңайлы. Путиннің паранаясы асқынып кеткенін кеш те болса, аңғарған сынды. Франция президенті Макрон мен неміс канцлері Шольцқа қоңырау шалған Си Батыстың «бітімгерлік миссиясын» қолдайтынын мәлімдеді. Қытай гуманитарлық апаттың алдын-алуға мүдделі екенін айтты.
Әлбетте, Сидің сатып кеткенін сезген Путин Украинадан тұра қашпасы белгілі. Кремль көсемі күллі өркениеттің түбіне жетпей тұра тақтан таюы қажет...», – дейді Сорос.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ