Үкімет "Байқоңырдың" арендасын көтерді

Dalanews 10 апр. 2022 04:08 1009

2021 жылғы 2 желтоқсанда бекітілген "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке" сәйкес, 2022 жылы Ресейдің "Байқоңыр" кешенін пайдаланғаны үшін Қазақстан бюджетіне 48 млрд 875 млн теңге және әскери полигондарды қолданғаны үшін тағы 8 млрд 516,5 млн теңге жалдау төлемақыларын төлейтіні бекітілді. Енді осы сома 3,2 миллиард теңгеге өскелі тұр. Бұл жайында inbusiness.kz сайты хабарлады.

Қайта қаралған биылғы бюджет жобасында Ресей "Байқоңыр" кешенi үшін осы жылы 52 млрд 143,5 млн теңге және әскери полигондарға – 9 млрд 217,9 млн теңге жалдау ақысын төлеуге тиіс болады.

Вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл өзгеріс "теңге бағамының АҚШ долларына шаққанда нақты өзгеруіне байланысты" екен. Екі ел арасындағы мәміле бойынша ғарыш айлағы кешенін қолданғаны үшін Мәскеу жыл сайын республикамызға 115 млн доллар төлеп тұрады.

Өткен жылғы желтоқсанда биылғы бюджетті қабылдау барысында 1 доллар = 425 теңге деген бағам қолданылыпты. Енді бюджет жобасын қайта қараған кезде 1 доллар 453 теңгеге тең деп алынады.


Биылғы 9 наурызда америкалық валюта 510 теңгеге дейін қымбаттағаны мәлім. Егер жыл соңына дейін бағам сол шамаға барса, "Байқоңыр" Кремльге 58 млрд 650 млн теңгеге түспек.

Бірқатар сарапшылардың дерегінше, Мәскеу космодромды жалдау ақысын да доллардан рубльге көшіруді қалайтын көрінеді. Қазақстан болса, долларды қолдап, соған табандауы керек. Бұл бізге қолайлы.

Қазақ жеріндегі ғарыш айлағы 1994 жылы Ресейге 20 жылға арендаға берілген болатын. Кейін, 2004 жылы екі ел келісімді ұзартуға уағдаласты. Нәтижесінде, Қазақстан "Байқоңыр" кешенін қаламен және оның аймағындағы жерімен бірге 2050 жылға дейін Ресейге жалға берді.

– Негізі, "Байқоңыр" кешенін жалға беру шешімі 1994 жылы қабылданды, сол кезде ауыр экономикалық жағдайға байланысты Қазақстанның оны ұстап тұруға және пайдалануға мүмкіндігі болмады. Бекітілген келісімге сәйкес, Ресей Байқоңыр қаласын және космодромды ұстап тұру жөнінде өзіне міндеттеме алды. "Байқоңыр" сақталды және жұмыс істеп тұр. Республикалық бюджетке жыл сайын 115 млн доллар жалдау төлемі түсіп тұрады. Кейінгі 27 жыл ішінде кешенді жалға беруден Қазақстан 3 млрд доллардан астам табыс тапты, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.


Экономикалық тұрғыдан ғарыш кешенін жалға беру пайдалы болғанымен, қазақстандық қоғам, сарапшылар мұның өзге қырларына алаңдаушылық білдіріп жүр. Мысалы, экологияны бұзады. Байқоңыр қаласындағы 12 мектептің тек бесеуі ғана қазақстандық стандартпен оқытады, қалғаны Ресейге бағынады. Оларда қазақстандық балалар "Президентім Путин, астанам Мәскеу" деп оқытылатын көрінеді, қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихын пәнін оқымайды.

Қаладағы балабақшалардың жағдайы да солай. 2020 жылы қазақстандық білім беру стандартына негізделген 2 жеке балабақша ғана ашылыпты. Ресейліктер бұл қаланы өз жеріндей сезінеді.

Өткенде "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровты ұлтжандылығы үшін ұнатпай, қазақ министрінің қазақ жеріндегі "Байқоңырға баруына тыйым салатынын" мәлімдегені бар. Ресей Байқоңырға әскери, сауытты техникаларын енгізіп және кері қайтарып, елдің зәресін ұшыратыны да жасырын емес...

Рекомендовать
Последние новости