Қазақстанның ғылымы өрлеуде

Dalanews 10 апр. 2022 09:14 1293

"Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ"


Әбу Насыр Әл-Фараби


 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» - деген болатын. Бүгінгі күні отандық ғылымды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан кешенді шаралар қабылданып жатқаны белгілі.

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік деңгейде ғылымның әлеуетін көтеруге айрықша көңіл бөлініп, ғылымның нақты салаларында іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстары кеңінен қолға алынып, ғылыми зерттемелер барынша жүргізіле бастады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ғылымы жан-жақты дамып, жоғары деңгейге көтерілді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей,
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты қолдауының арқасында ғылым саласында оң өзгерістер орын алып жатыр. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды. Сондықтан Институттарды модернизациялау бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады.

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған. Егер бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізіліп келеді.

Ғылым – бұл стратегиялық маңызы зор сала, елдің жан-жақты дамуы мен экономикалық өсуін қамтамасыз ететін зияткерлік ресурсы. Осыған байланысты өркениетті елдердің барлығында ғылыми саланы дамытуға, оның тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық ғылым өтпелі кезеңнің ауыртпалығын да көрді, дағдарыстың кермек дәмін де татты. Сан-алуан қиындықтар мен кедергілерге толы  өзіндік даму эволюциясынан өтіп, әлемдік ғылыми кеңістікке кірігуі жүзеге асты. Отандық ғылыми-инновациялық жүйе қалыптасты, оның құрамында жоғары білім беру жүйесінен бастап бейінді ғылыми-зерттеу мекемелері, ғылыми-өндірістік бірлестіктер, технопарктер, консалтингтік, инжинирингтік компаниялар мен өзге де заңды тұлғалар ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруда. Ғылым саласын реттейтін құқықтық негіз жасалып, «Ғылым туралы», «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» және т.б. қажетті заңдар қабылданды. Тиісті  заңнаманың болуы ғылым мен техника саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеуге, зерттеулерді ұйымдастыруды бағдарламалық-нысаналы қамтамасыз етуге, ғылымды материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуге, ғылымды қорғауды бағдарламалық-нысаналы қамтамасыз етуге арқау болып, заңда айқындалған қағидаттар мен нормалар зияткерлік меншікті қорғауға және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға кепілдік берді.

Сонымен қатар, Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданды, ғылымды басқару, ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру және технологияларды қолданысқа ендіру құрылымдары – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі жанындағы Ғылым комитеті, Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы және т.б. органдар құрылды.

2010 жылғы наурызда Қазақстан Болон декларациясына ресми түрде қосылып, еуропалық жоғары білім беру аймағының 47-ші мүшесі және еуропалық білім беру кеңістігінің толық құқықты мүшесі деп танылған алғашқы Орталық Азия мемлекеті болды. Болон процесіне қосылғаннан кейін Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болды:

  1. Қазақстандық жоғары оқу орындары «Университеттердің ұлы хартиясына» қосылды, оған қазіргі уақытта әлемнің 650-ден астам университеті қол қойды, бұл отандық білім беруді еуропалық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік берді. Ұлы Хартияға 60-тан астам қазақстандық университет қол қойды.

  2. Болон декларациясы принциптеріне негізделген мамандарды даярлаудың үш деңгейлі: бакалавр – магистр – PhD докторы моделіне көшу жүзеге асырылды.


Ұлттық статистикалық агенттік пен Ғылым жөніндегі ұлттық баяндамада келтірілген ресми деректерге сүйенсек, қазіргі кезде отандық ғылым саласында 21 782 адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35% ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие, олар 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы және 293 бейін бойынша доктор. Ғалымдардың 34 пайызы 35 жасқа дейін; 43% – 35-тен 54 жасқа дейін; 23% – 55  жастан асқан. Әйелдердің үлесі 54%, ерлер – 46% құрайды.

PhD докторантураның жаңа бағдарламалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау үшін берілетін гранттар жылына 2 мыңнан асып, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамалар саны ұлғайтылды. Отандық ғалымдардың материалдық мәселелері де шешілді. Атап айтсақ, әлеуметтік қолдау жобасы бойынша мыңдаған жас ғалымдар пәтер алды, PhD докторанттары үшін стипендия мөлшері 80%-ға ұлғайды, сондай-ақ ғылыми жетістіктері үшін Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық және ғылымның түрлі салаларындағы жыл сайынғы атаулы сыйлықтар (мөлшері 150-ден 350 айлық көрсеткішке дейін) және ғылыми стипендиялар беріледі.

Бүгінгі таңда ҚР БжҒМ Ғылым комитеті ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет атқаратын 1034 субъектісін аккредиттеген, олардың ішінде 626 заңды және 408 жеке тұлға бар. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар атқаратын 373 кәсіпорын болса, оның 87 мемлекеттік секторда, 94 жоғары кәсіптік білім беру саласына, 159 кәсіпкерлік және 33 коммерциялық емес секторға жатады.

Соңғы онжылдықта қазақстандық ғалымдардың Thomson Reuters, Scopus, Springer сияқты халықаралық деректер базасына кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді, бұл ғылыми жарияланым жасау белсенділігін артуға елеулі ықпал етті.

Алайда қазақстандық ғылымда шешімі табылмай отырған мәселелер де баршылық. Мысалы, біз әлі күнге дейін ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Өкінішке орай, қазақстандық бизнес отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізуге емес, дайын құрал-жабдықтарды, машиналар мен  механизмдерді шетелден сатып алуды жөн көреді. Ғылыми жаңалықтарды патенттеу, зияткерлік меншік саласында да қиындықтар бар.

Қазақстанда ғылыми орталықтар негізінен Нұрсұлтан және Алматы қалаларында шоғырлануы ел аймақтардағы ғылыми жұмыстың кенжелеп қалуына әсер ететінін де ұмытпағанымыз жөн. Сонымен қатар, халықтаралық рейтингтер қатарында қазақстандық ғылыми басылымдардың өте аз болуы да ғалымдардың шетелдік басылымдарға тәуелділігін арттырып отыр. Бұдан өзге де қиындықтар мен көкейкесті мәселелерді отандық ғалымдар үнемі айтып та, жазып та жүр. Осы саладағы жылдар бойы жиналып, қордаланған мәселелердің шешілуі ғылым дамуын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» құру ғылыми негізсіз баянды болмасы анық, ғылыми жаңалықтар қашанда қоғамдық жаңғырудың кепілі болып табылады.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Рекомендовать
Последние новости