Ұялас күшіктер

Dalanews 09 июн. 2022 13:08 1980

Мектептен үйге қайтып келе жаттым. Қарным ашқан соң, cөмкемді ашып, буфеттен сатып алған тоқашымды жайбарақат жей бастадым. Бұрылып қарасам, бiр ит соңымнан epiп келедi. Аш екенi түрiнен көрініп-ақ тұр.

Менiң қолымдағы нанға ашқарақтана қарап жұтынғандай болды... Тоқашымнан бір үзіп алып итке тастадым. Соңымнан біраз жүрдi де, менде енді нанның жоқтығын сездi бiлем, күдерiн үзiп қала берді. Келесi күні, қайтар жолымда кешегі ит тағы да тап болды.

Мен күтiп жүрген тәрізді. Инеліктей қатып әбден арып жүдеген соңымнан қалмай үйге еріп келді. Жүгіріп үйге кіріп, тамақ қаладықтарын алып шықтым. Ит менi көрiп, соңымнан ерді.

Қораға апарып әкелген тамақты итаяққа құйып берiп жатқанда апам:

– Мына итті сен бе, әкеп жүрген? – деді.

– Өзi ерiп келдi. Аш екен. Тамақ бердiм. Апа, тимейікші, жүре берсін.

– Жүрсе, жүре берсiн. Не iшiп-жеп қиратар дейсiң.

Арада көп күндер жылжып өтті. Ит біздің үйге сiңiп кеттi. Осылайша Ақтөс біздің үйдің бір мүшесіне айналды. Сол Ақтөс бiр-екi күннен бері көзге түспей қойды. «Бұл қайда жүр?» деп, маңайдан көрiнбеген соң, қораға iздеп кірдім. Қораның түкпiрiнен түсініксіз дыбыс шықты. Ненің дыбысы болды екен деп аяғымды жәйлап басып, қуысқа қарағанымда, итіміздің күшіктеген екен.

Енесінің бауырында жатқан күшіктер ара-тұра қыңсылап қояды.  Ит күшiктеген соң, апам жақтырмай жүрдi. Апам ауылымыздағы сүт өңдейтін фермада жұмыс iстейтiн. Бiрде жұмыстан ренжіп оралды.

Мұндай жағдайда біз үндемей, тым-тырыс отырып, апамның  қас-қабағына қарайтынбыз. Бүгiн де сөйттік. Апам маған өңiн суыта қарап:

– Иттерiне тамақты қайдан тауып беремiн. Ана күшіктердің көзiн құрт, бүгіннен қалдырма, – дедi. Бұл кезде күшiктер бауырын көтерiп, есейiп қалған едi.

Көкемнiң жоқтығы есіме түстi. Үйде менен басқа бiр iнiм, екi қарындасым бар болатын. Бір күшiктi енесімен қалдырып, қалғандарын қапқа салып, сыртқа шықтым. Машиналар тынымсыз ерсiлi-қарсылы өтiп жатқан қара жолдан өтiп, қирған ескi үйге келдiм. Оның маңында ойнап жүріп, қамба барын көргенмiн.

Күшiктердi қамбаға тастап, қара жолдан өтiп кетсем де, қысылаған аянышты дауыстары ап-анық естiлiп тұрды. Машиналар өткен кезде дыбыстары басылғандай болады да, өтiп кеткеннен кейiн қайтадан естіледі. Дәтім шыдамай артыма қарайлай беремiн. Ілгері басқан аяғым керi кетеді. Не істерімді білмедім.

Ақыры күшiктердi қимай, қайта бардым. Қамбага түсiп, күшiктердi қапқа сала бастадым. «Шiркiн, көкем болса ғой. Мен сендердi мұнда әкелмеген болар едiм!» деймін ішімнен.

Көзiме келген жасты тыя алсамшы. Мен үйге қарай жылап келемiн, арқамдағы күшiктер қынсылап келедi.

Рекомендовать
Последние новости