Уақытша тіркеу – діни экстремизмге тосқауыл бола алмайды

Dalanews 07 янв. 2017 14:09 959

Қазір ауыл жастарының көпшілігі екі қолға бір жұмыс іздеп қалада жүр. Көпшілігінің қалада құшақ жайып күтіп отырған туыс-туғаны жоқ. Сонда олар кімнің үйінде уақытша тіркеуге тұрмақ. Ішкі істер министрлігі басшылары мен депутаттар мұны ойлады ма екен? Осы жағы маған түсініксіз болып тұр. Жұмыс орындарына да тіркеле алмайды.

Иә, ауылдан келіп еңбектеніп, біраз қаражат жинап шағын үй тұрғызғандар есік алдынан шағын пәтер салып, онысын өзі сияқты ауылдан келіп, «жаңа өмір» бастаған «тағдырластарына» жалға беріп, қосымша табыс тауып отырғанын бәріміз білеміз.
Пәтерін жалға беруші ауылдан келген жастарды үйіне уақытша тіркесін, бірақ, бір-екі айдан кейін әр-жерде тиіп-қашып жұмыс істеп жүрген ауыл азаматтары басқа жерге қоныс аударса алдынан тағы да тіркеу мәселесі шықпай ма?

Сонда жаңа заң күшіне енсе, пәтерін жалға беруші мен жалға алушы бірін-бірі жетектеп араға бірнеше ай салып Халыққа қызмет көрсету орталығын жағалап жүрейін деп тұр. Әрине, бұл кімге болса қолайсыздық туғызатыны анық. Ел азаматтарын былай қойып сырттан келетін еңбек мигранттарын тезге сала ала алмай отырғанда бұлайша жағдайды ушықтырудың не қажеті бар?

Қазіргі заманда лаңкестіктің ушығып тұрғанын түсінеміз. Халықты жаппай тіркеу, тексеру лаңкестікке қарсы сақтық шараларын қаншалықты күшейтетінін маған белгісіз. Білетінім, жаңа талап халықтың еркін жүріп-тұруын шектейтіні анық.

Қазіргі таңда облыстарды былай қойғанда аудан орталықтарында қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдарының бөлімшелері жұмыс істейді. Олар кімнің жат ағымның жетегінде, кімнің бала-шаға бағудың соңында жүргенін жақсы біледі.
Егер лаңкестікке қарсы сақтық шараларын күшейтуді ойласақ, алдымен қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдарының бірлесіп әрекет етуін жетілдірген жөн. Бір-бірінің «полномочиясын» алға тартып, дауласуға құмар күштік құрылымдар тонның ішкі бауындай байланысып жұмыс істеуі керек. Сонда ғана елге лаң салуды көздеген лаңкестердің жолын кесуге болады.

Бұдан басқа таң атқаннан, кеш батқанша әншілер мен сайқымазақ әртістерді насихаттайтын телеарналарға да жауапкершілік жүгін арқалататын кез келді. Егер біздер лаңкестікпен күресті шындап қолға алғанымыз рас болса, телеарналарда тура дінді насихаттап, арам пиғылды топтардан жирендіретін бағдарламалардың санын арттыру керек. Осылайша жастардың санасына саңылау табу керек.

Ал олардың қайда тіркеліп, не істеп жүргенін бақылау – қоғамдағы түйткілді мәселені шешпейді. Бірінші кезекте ауылдан жұмыс іздеп қалаға келген жастардың ой-санасын өзгертуіміз керек. Ертеңгі күні жұмыс таба алмай, не тіркеуге тұра алмай мына өмірден баз кешіп жүргенде соңдарынан көші-қон полициясы түсіп қыспаққа алса, олар жылы сөзін айтып, жыландай арбаған жат ағымдардың құшағына қалай еніп кеткенін өздері де білмей қалуы мүмкін. Сондықтан діни экстремизмге қарсы күресте кеңестік жүйе кезінде қалыптасқан бақылауға құрылған амал-тәсілдерден бас тартуымыз керек.

 

Нұрлан ЖҰМАХАН


Рекомендовать
Последние новости