Тұтқындалған Татубаев: Белгілі журналист мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 04 июл. 2025 19:21

Белгілі журналист Әсет Матаев азаптау бабы бойынша ұсталған бұрынғы генерал Талғат Татубаевқа қатысты өзінің басынан өткен оқиғаны еске алды. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналисттің сөзінше, 2016 жылы ол қаржы полициясы басшысының орынбасары Талғат Татубаевпен екі рет кездескен. Сол кезде финпол өкілі Матаевтар отбасына Қылмыстық кодекстің 65-бабы (кінәсін мойындап, шын өкінгені үшін жауапкершіліктен босату) бойынша кінәні мойындауды ұсынған.

«Сол кезде әкем екеумізге жалған айып тағылып жатқанын айттым. Логикалық аргументтерімді естігенде, оның көзі жыпылықтап кетті. Сол сәтте оның «заң адамы» емес, қарапайым көше адамы сияқты сөйлеп тұрғанын түсіндім. Әңгімесінің бар мазмұны – «жоғарыдан тапсырыс түсті, бәрібір түрмеге жабыласыңдар» дегенге сайды», – деп еске алады Әсет Матаев.

Журналистің айтуынша, сол іс бойынша бірнеше танымал тұлға – Жоғарғы соттың сол кездегі баспасөз хатшысы Болат Кальянбеков (қазіргі Мәжіліс аппараты басшысының орынбасары), «Қазақтелекомның» вице-президенті Маханбетажиев, Ақпарат комитетінің бұрынғы төрағасы Берсебаев секілді шенеуніктер қамауға алынған. Бірақ олар қысымға төтеп бере алмай, бір күн тергеу изоляторында отырған соң, қаржы полициясы қойған шарттарға келіскен.

«Олардың барлығы бір-бір күн тергеу изоляторында болып, бізге жала жабуға мәжбүр болды. Іс жүзінде билік пен финполдың талабына көнген адамдар еді. Олардың біразы Нұрлан Нығматулин, Бағлан Майлыбаев, Бауыржан Байбек, Асқар Жұмағалиев секілді тұлғаларға жақын адамдар болатын», – деп жазды журналист.

Сондай-ақ ол Жоғарғы соттың сол кездегі баспасөз хатшысы Болат Кальянбековтің кейінірек белгілі құқық қорғаушы, «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калееваға хабарласып, Матаевтарды кінәні мойындауға көндіруін сұрағанын атап өтті. Матаевтың айтуынша, Кальянбековтың үстінен қозғалған іс 2021 жылы Қаңтар оқиғасының алдында жабылып қалған.

«Мен ол кезде отбасым мен жақындарымның қысымға ұшырағанына куә болдым. Әкемді қамауға алып, кейін маған телефон арқылы шығып, «ештеңеге уайымдама, іс жабылады, бәрі шикі екенін біледі» деп сендірді. Әрине, сөзіне тұрмады. Әкемді де, отбасымды да, қызметкерлерімізді де үкімге дейін қинады», – дейді ол.

Әсет Матаев әкесінің түрмеден шыққан соң, медиафорумда «Тенгриньюс» жетекшісі Батыр Қазыбаевтың келіп, кешірім сұрағанын да айтты. Қазыбаев ақпарат құралында Матаевтарға қарсы материалдар шығару туралы тапсырманы жоғарыдан алғанын мойындаған.

Журналист бұл жазбаны кек алу мақсатында емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз болашағын ойлансын деген ниетпен жариялағанын атап өтті.

«Менің жазғаным – тек өткеннен сабақ алу. Тергеушілер, прокурорлар, судьялар болашағын ойласын. Бумерангтың кері айналып соғатын сәті де бар. Татубаевтың отбасына денсаулық пен сабырлық тілеймін. Олар да енді тергеу изоляторының алдында ыстық пен суыққа төзіп, жақындарына тамақ апарудың қандай екенін білсін. Бумеранг заңдылығы ешкімді айналып өтпейді», – деді Әсет Матаев.

Қазір Талғат Татубаевқа қатысты азаптау бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости