Түркістандық делегаттар партияны модернизациялау бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді

Dalanews 01 мар. 2022 17:16 816

Бүгін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 22-ші съезі онлайн форматта өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 393 делегат, Түркістан облысынан 25 делегат қатысты. Съезде партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, «Nur Otan» партиясын модернизациялау бағытындағы жоспар ұсынылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов саяси ұйымның жұмысын жандандыратын 7 басымдықты атап өтті. Олар: Халықпен қарым-қатынаста кері байланыс эффективтілігін арттыру; Жергілікті жердегі партия өкілдіктерінің беделін көтеру; Партия жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету; Партиялық бақылауды арттыру; Партия берген уәделерінің нақты іске асуы; Қоғамның әр саласымен байланыс орната білу; «Jas Otan» жастар қанатын қайта жаңғырту.

Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясының төрағасы Ерлан Қошанов партия атауын «Аманат» деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл ұсынысқа қолдау білдірді, партияның жаңа атауын съезд делегаттары да бірауыздан қолдады. Жиында партияның Жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілді.

– Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын жүйелеу бағытында бірқатар тапсырма берді.

Түркістандық делегаттар съезде қабылданған шешімдерді қолдайтындарын, тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмысты күшейтетіндерін жеткізді.

Рекомендовать
Последние новости