Аталған жиынға Қазақстандағы алғашқы электронды «Ulys» журналының бас редакторы Ержан Қалымбай, философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов, басылымның техникалық директоры Болат Әскер, сондай-ақ облыстық ішкі саясат, мәдениет саласының мамандары мен баспасөз өкілдері, студенттер қатысты.
Шарада «Ulys» цифрлық журналының бас редакторы, белгілі журналист Ержан Қалымбай бұл журналдың қазақ медиа тарихында үлкен жаңалық екенін айтып, журналдың маңыздылығы мен артықшылығы жайлы сөз қозғады.

Жиында медиа саласындағы цифрлық технологияның дамуы мен бүгінгі жетістігі жайлы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар қазіргі таңдағы ақпараттық кеңістіктегі жаңалықтар бойынша көкейтесті сұрақтарын қойды.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, журнал Digital форматындағы соңғы үлгідегі тәжірибелерге негізделіп жасалған. Мәселен, мақаланы оқумен қатар, аудио жазбасын тыңдауға немесе бейне жазбасын көруге мүмкіндік бар. «Ulys» журналын «iOS» және «Android» жүйелеріндегі қосымша арқылы телефонға немесе планшетке тегін жүктеп алып, кез келген уақытта оқи беруге болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі