Түркістан туризміне оң серпін: Орталық Азияның бірыңғай визасы іске қосылады

Dalanews 20 дек. 2018 07:16 679

Қазақстан мен Өзбекстан келесі жылдың басында Silk visa ортақ қызметін іске қосуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы тілшілермен кездесу барысында Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік туризм комитеті төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Ұлықбек Қасымқожаев мәлім етті.

Оның айтуынша, виза Орталық Азия аймағына шетелдік туристерді бірлесіп тарту және бұл маршрутты әйгілеу үшін енгізіліп отыр. Алдын ала болжамға сәйкес, «Silk visa» өз жұмысын алдағы жылдың ақпан айында бастайды.

«Біздің бағалауымызша, бұл қызмет 2019 жылдың ақпанында іске қосылады. «Silk visa» жобасы екі елдің ведомстволарында келісілген. Енді оның техникалық тұсын және жабдықтарын келісу мәселелері қалып отыр», — деді Ұ.Қасымқожаев.

Ол сондай-ақ бірлескен визаға Қырғызстан мен Тәжікстан қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Бұл ретте, қазақстандық тарап бұл жобаға Әзербайжан мен Түркия елдерін тартпақ.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың маусым айында ҚР Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Орталық Азияның бірыңғай визасын енгізуді ұсынды.

Айта кетелік бұдан бұрын Түркістан облысы Өзбекстанның үш облысымен меморандум жасасқан еді.

"Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті өзбек компанияларына барынша қолдау көрсететінімізді айтқым келеді", - деген болатын Жансейіт Түймебаев.

 

Рекомендовать
Последние новости