Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштер ұлттық құндылықтардың негізі

Жарбол Кентұлы 26 сент. 2024 14:16 1323

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың  Н.П.Подушкин атындағы археология орталығының басшысы, т.ғ.д., профессор А.Н.Подушкиннің жетекшілігімен Созақ ауданы, Құмкент ауылдық округіне қарасты, Қызылкөл ауылындағы «Қызылкөл» тарихи-мәдени аймағында стационарлық қазба жұмыстарын жүргізілді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы археологиялық қазба жұмыстарына университет орталығының қызметкерелінен бөлек, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің қызметкерлері де қатысты.

Бұл аймақта бірнеше маңызды археологиялық ескерткіштер, соның ішінде Ақтөбе (қызылкөлдік) қонысы, 200-ден астам қорған мен Шошақтөбе деп аталатын ғибадатхана орналасқан. Қызылкөл көлінің төңірегінде шоғырланған Қызылсеңгір биіктігінде де қорғандар бар. Ғибадатхананың пішіні конус тәрізді, неогендік қызыл түсті топырақтан құралған. Конустың параметрлері: негізі диаметрі 200-240 метр, биіктігі 18-20 метр. Конустың жоғарғы бөлігінде мөлшері 30-22 метр және биіктігі шамамен 2-2,5 метр болатын қолдан жасалып, басқа түсті балшықтан жағылған жасанды стилобат қаланған. Онда 0,5-0,7 метр шамасында сақталған биіктікте көлемі 17-15 метр тас қабырғадан жасалған тік бұрышты құрылыс орналасқан. Қабырғалар арасы тастармен қаланған және уақыт өте тастар бөлмелерге құлағандығы көрінеді.

Ғибадатхананың маңындағы жердің жоғары қабатында мыңнан аса керамиканың бөліктері, сонымен қоса диірмен тастар, дән үккіш, қайрақ тастар жатыр. Сонымен бірге ыдыс, құмыра, тостаған табылған. Болжам бойынша ғибадатханада діни ғұрыптар өткізілген.

2022-2024 жылдардағы стационарлық қазба барысында ескерткіштің шамамен үштен бір бөлігі ашылып, 1,4-1,6 метр тереңдікке дейін түсірілді. Ғибадатхананың архитектурасы күннің шуағы тәрізді болып келгендігі анықталып, 10-ға жуық трапеция тәрізді үшбұрышты және тікбұрышты шағын бөлмелер ашылды. Ғибадатхананың оңтүстік, солтүстік және батыс бөліктері ашылып, еден деңгейінде күлдің орындары жиі кездесті. Толықтай жанбаған ағаштың қалдықтары да байқалды.

Профессор тек қазба жұмыстарымен айналысып қоймай, сол өңірдің тарихын кең көлемде насихаттау мақсатында жергілікті мектептерде дәріс оқуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы Қызылкөл ауылында орналасқан М.Әуезов атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде «Қызылкөл тарихы» тақырыбында дәріс оқыды. Сабақ барысында мектеп оқушылары көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Айтылған мәліметтерге дәлел ретінде әрі заттай дерек ретінде оқушылар назарына биылғы маусымда табылған жәдігерлерден көрме жасақталды. Өз өңірінің тарихын біліп, көне жәдігерлерді қолымен ұстап көрген оқушыларға өлке тарихының ескерткіштеріне экскурсия ұйымдастырылды.


Рекомендовать
Последние новости