Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар баяндалды

Жарбол Кентұлы 29 мар. 2024 20:03 4619

Түркістан облысына ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған топ жұмыс сапарымен келді. Сенат спикерінің төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті. Іс-шара барысында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқыланды.

Маңызды жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды су саласын дамыту бағытындағы жұмыстар, мәселелер және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

– Құрметті Мәулен Сағатханұлы! Парламенттік комиссия отырысының Түркістан облысында өткізіліп жатқаны біз үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы «Ішкі су қорымыз көктемгі және қардың суын жинап және оны егістікке тиімді пайдалану» үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд. текше метрді құрайтын 42 су қоймасы бар. Жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.

«Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн.м3 ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағында ағын су мәселесі шешімін табады. «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жұмыстарына 2023 жылға облыстық бюджеттен 680 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. «Боралдай», «Бөген», «Қосқорған» су қоймаларының техникалық экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Түркістан облысында барлық каналдардың жалпы ұзындығы 12,3 мың шақырымды құрайды. Ұзындығы 59 шақырымды құрайтын «Түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасының 1-ші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде, жылына 60 млн. м3 ағын су үнемделіп отыр.

Ендігі кезекте каналдың 2-ші кезеңінің жобасы дайын. Жобаны аясында 25 дана су өткізу құрылымдары автоматтандырылады, 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн. м3 ағын су үнемделеді. Сонымен қатар бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін су нысандарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бүгінгі таңда жалпы құны 73,9 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба дайын. Тиісті қаржы бөлінсе, 236 шақырым канал бетонмен қапталып, 49,8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Облыстық «Тұран су» коммуналдық кәсіпорнының жұмысы жүйеленіп, 46 дана арнайы техникалар сатып алынды. Мекеме өз қаражаты есебінен 680 шақырым каналға тазалау жұмыстарын жүргізді, – деді Дархан Сатыбалды. 

Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару зауыты іске қосылды. «Тұран су» кәсіпорны жанынан жылдық қуаттылығы 9 мың гектарға тамшылатып суғару жүйесін шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Сонымен бірге өңір тұрғындарын ауыз сумен қамту бағытында да жүйелі жұмыс атқарылуда.

Түркістан облысына сапар аясында Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен де кездесті. Өз сөзінде Сенат төрағасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда белгілеп берген бастамаларына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ облыс тұрғындарымен бірге өңірдегі өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын талқылады.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. 2023 жылы өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштерінің оң өсімі сақталды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 трлн. теңгеге жетіп, өнеркәсіп өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, 2,5%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында жоспарланған 20 жоба толық іске қосылды. Нәтижесінде 30,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 594 жұмыс орны құрылды.

Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, республикада көш бастады. Облыс экономикасына 972 млрд. теңге инвестиция тартылып, көлемі артты. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестициялық жоба толығымен іске қосылған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 407,5 млрд. теңгені құрап, +11,1%-ға өсті 2023 жылы 899 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды.


Рекомендовать
Последние новости