Түркістан облысында қуаңшылықтан мал қырылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды – әкімдік

Ақтоты Жапатова 17 июн. 2025 14:19

Түркістан облысының әкімдігі әлеуметтік желілерде тараған, Келес ауданында қуаңшылық салдарынан төрт түліктің қырылып жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар өңірде аптап ыстықтың салдарынан ондаған малдың қырылғанын айтып, жағдайдың ушығып тұрғанын алға тартқан болатын. Алайда бұл ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі ресми түрде жоққа шығарды.

"Түркістан облысында қуаңшылық пен шегірткенің шабуылына байланысты малдың қырылу деректері тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда жем-шөп базасына қатысты жағдай толық бақылауда. Қуаңшылыққа қатысты мәліметтер де бұрмаланған. Маусым айының басындағы аномальды ыстыққа қарамастан, егіс алқаптарының басым бөлігінде, әсіресе тамшылатып және жерасты суару жүйелері енгізілген аймақтарда, ылғал қоры жеткілікті деңгейде сақталған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бірлесе отырып, жергілікті атқарушы органдар суару көздерін әртараптандыру және мал азығын алдын ала дайындау бойынша шаралар қабылдады", - әкімдік хабарламасында.

Әкімдіктің мәліметінше, республикалық өңдеу жоспары аясында Түркістан облысында 700 мың гектардан астам аумақ шегірткеге қарсы өңделді. Зиянкестерге қарсы мониторинг және күрес жұмыстары жалғасуда. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан «жаппай шегіртке шабуылы» туралы видеоматериалдар шынайы жағдайды көрсетпейді және көбіне басқа өңірлерде немесе шет елдерде түсірілген.

"Жергілікті билік өкілдері фермерлермен үнемі байланыста. Әрбір нақты өтініш бойынша жергілікті жерге барып, жағдай зерделенеді, қажеттілік туындаған жағдайда көмек көрсетіледі – баламалы жайылымдар ұсыну, шөпті белгіленген бағамен сататын орындар ұйымдастыру, логистикалық қолдау көрсету және тағы басқа шаралар жүзеге асырылуда", - деді әкімдікте.

Түркістан облысының әкімдігі тұрғындарды жалған ақпарат таратудан сақ болуға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.


Рекомендовать
Последние новости