Түркістан облысында көмір қоры жеткілікті

Dalanews 26 сент. 2019 09:22 940

Түркістан облысының күзгі-қысқы маусымдағы көмір отынына жалпы қажеттілігі 1 млн 181,8 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда тасымалданғаны 514,4 мың тонна (43,5%). Жеткізу жұмыстары алдағы уақытта толық аяқталмақ. Жалпы, жылыту маусымында облыста көмір тапшылығы болмайды. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы  Игілік Тұрғымбеков мәлімдеді.

Сонымен қатар, жалпы облыста жылу беру мерзімі – 1 қарашаға белгіленіп отыр. Алайда мамандар уақытынан бұрын ауа райы суып кетсе, жылыту маусымы ертерек басталатынын жеткізді.

– Өңірдегі 2748 бюджеттік мекеме жылыту маусымына толық дайындалып, оларға қажетті 171,1 мың тонна көмір отыны және 5 млн. 143,7 мың литр сұйық отын толық тасымалданды.  Облыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге көмірдің қажеттілігі 108,8 мың тонна болса, тасымалданғаны 43,2 мың тонна. Облыстағы тұрғындардың көмірге қажеттілігі – 902 мың тонна, тасымалданғаны 301,2 мың тонна (33,4%). Тасымалдау жалғасуда. Теміржол станциясы қоймаларындағы 1 тонна көмірдің сатылу бағасы – «Шұбаркөл» көмірі 14-17 мың теңге арасында. Тұрғындар көмірді қазірден бастап станция қоймаларынан арзан бағада сатып алғандары дұрыс, – деді Игілік Ғабитұлы.

Бұдан өзге, облыстың мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі – 9,6 мың тонна. Бүгінгі күнге тасымалдаушы мекемемен келісім-шарт жасалған. Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап тасымалданбақ.

Айта кетерлігі, өңірдің жылыту маусымына дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмір отынымен қамтамасыз ету бойынша  күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.

 

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Рекомендовать
Последние новости