Алматы облысында "Jetysý Hub" IT орталығы ашылды

Dalanews 26 сент. 2019 06:27 872

Талдықорған қаласында жастардың жоғары технологияларды терең меңгеруі үшін «Jetysý Hub» IT-паркі ашылды. Айтулы шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысып, жастарды IT-парктің ашылуымен құттықтады.

16 қабатты алып ғимаратқа орналасқан IT-парк 360 шаршы/метр аумақты алып жатыр. Мұнда фаблаб, оқу класы және кітапхана жұмыс істейді. Бөлмелер кең әрі жарық. Жастардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз алған Амандық Баталов IT-парктің ашылуы жедел цифрландыру ісін қолға алған облыс үшін аса маңызды шара екенін тілге тиек етті.



– Мен мұндай технопаркты ең алғаш рет Қазан қаласына жұмыс сапарымен барғанымда көрген едім. Енді міне, Жетісу жерінде дарынды жастардың бастамасымен заманауи технопаркті ашып отырмыз.

Жастар ұсыныс айтқанда біздер арнайы орын ұсындық, жалынды жастар болса қысқа мерзім ішінде технопаркті жабдықтады. Осылайша, әкімдік пен жас таланттар тізе қосып қаламызда жастарға IT технологияның қыр-сырын үйрететін орталық ашылды.

Бұл талдықорғандық жастар үшін үлкен мүмкіндік. Қаламызда идеясы бар жастар көп.




 

Бірақ олар IT саласындағы ойларын іске асыру үшін түрлі құрал-жабдықтарға қол жеткізе алмай жүргені жасырын емес. Ендігі жерде жастарымыз IT-паркке келіп, мұндағы заманауи жабдықтарды пайдаланып, көкейде жүрген идеяларын толықтай іске асырып, өздерінің арман-мақсаттарын ұштайтын болады.

Алдағы уақытта жастар жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеріп, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін. Біз заман көшінен қалмай, алға қадам басуымыз керек. Қазір бүкіл әлем цифрландыру технологиясына көшіп жатыр.



Естеріңізде шығар, бұрындары Талдықорған көшелерінде бар болғаны жиырмаға жуық бейнебақылау камерасы жұмыс істейтін-ді. Ал қазір олардың саны тоғыз жүзден асады. Біздер алдағы уақытта мұнымен шектелмейміз.

Біздер Талдықорған қаласын «Smart cityге» айналдыратын боламыз. Оған жастар да өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қаладағы цифрландыру ісін қарқынды жүргізу үшін интернет колледж салуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі болашақ ұрпақтың қамы үшін қолға алынып жатқан тірліктер.

Сол себепті «Jetysý Hub» технопаркі алдағы уақытта облысымызда IT саласын өркендетуде көшбасшы орталыққа айналатыны анық, – деп облыс әкімі жастарға ақжарма тілегін арнады.

«Jetysý Hub» технопарктің робототехника, воркшоп, 3D модельдеу және кванториум кабинеттері қазірдің өзінде оқушылар мен студенттерге лықа толы.

Жастардың бәрі компьютердің көмегімен өздерінің ойындағы істерін жүзеге асыруда. Оларды әңгімеге тартқанымызда жастар бос уақыттарын «Jetysý Hub» технопаркінде өткізудің өте пайдалы екенін айтты.


Жиын барысында «Jetysý Hub» технопаркін ұйымдастырушылар фаблаб бөлмесінде облыс басшысына энергия үнемдегіш шамдарды көрсетіп, оны халықтың жаппай тұтынуының маңызы жайында айтып берді.

Сондай-ақ Талдықорған қаласының тұрғындары бұл жерде кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, заң мен бухгалтерлік сала бойынша біліктілігін жетілдіруге болады. Мұндағы мамандар технопаркке келушілерге бәрін түсіндіріп, барынша көмек көрсетеді.



Сонымен қатар «Jetysý Hub» технопаркінде талантты жастар өздерінің жобаларын таныстырып, қалалық және республикалық деңгейде конференциялар ұйымдастыруына барлық мүмкіндік қарастырылған.

«Jetysý Hub» технопаркі алдағы уақытта жастардың экология және әлеуметтік сала бойынша түрлі жобаларын дайындап, айналасына пайдасын тигізуге бағыттауды алдарына мақсат етіп қойып отыр.

 

Айнұр ЖҰМАХАН 


 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости