Түркістан облысында еліміз бойынша ең ірі жылыжай кешенінің іргетасы қаланды

Dalanews 23 апр. 2023 14:53 1024

Түркістан облысы, Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің капсуласын қою рәсімі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасы «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге аспақ. Оның ішінде алдымен көлемі 51 гектардан астам жылыжай салынады. Жоба толық жүзеге асқанда 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп межеленген.

Жаңа жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі – 524 млрд теңге болса, 1-кезеңіне 51,6 млрд теңге. тартылмақ. Оның ішінде 25 млрд теңгеге 27 гектар жылыжай салу жоспарлануда. Қуатылығы – жылына 225 мың тонна қызанақ өсіру.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров,  «KazakhInvest» АҚ-ның Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «ЭКО-культура» агрөнеркәсіптік холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Рудаков қатысты. Облыс әкімі бұл жобаның аса маңызды екенін, өңірде агроөнеркәсіп кластері дамитынын жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі, Түркістан – республика халқын жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде жылыжай кешеніндегі қызанақ, қиярмен қамтамасыз ететін негізгі өңір.

Облыста 1569 гектар алқапта 3366 бірлік жылыжай бар немесе республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы орналасқан. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Өңірдегі жылыжайлардың 87 гектары – өндірістік, ал 1482 гектары фермерлік жылыжайлар. 2015 жылмен салыстырғанда осы салаға тартылған инвестиция көлемі 7 есеге ұлғайды, былтыр  74,7 млрд теңгеге жетті.


«ЭКО-культура» компаниясының елімізге инвестиция салуы біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жобаны жан-жақты қолдауға дайынбыз. Жобаны іске қосу, өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Ресейлік «ЭКО-культура» агрөнеркәсіптік холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Рудаков та құттықтау сөз сөйлеп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Бұл әріптестік агросаланы дамытуға серпін беретінін атап өтті. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтуға асталысатындарын мәлім етті.

Келес ауданы, Бірлік ауылында  жүзеге асатын жобаның бірінші кезеңінің құрылысы 2024 жылы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған. Ал бүкіл жоба 2027 жылы жүзеге асырылмақ. Бірінші кезектегі жұмыс орындарының саны – 1000.

Жылыжай мегакешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ. Заманауи жылыжай кешендері жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады деп жоспарланған.

Рекомендовать
Последние новости