Түркістан облысы су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысына 160 техника жіберді

Жарбол Кентұлы 13 апр. 2024 19:01 2783

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан аймақтарға жан-жақты қолдау көрсету, техника, жұмыс күшін жіберу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта Түркістан өңірінде ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жауапты басқармалар керекті техникаларды үйлестіріп, Атырау облысына 160-қа жуық техника жолданды.

Аталған техникалар Дарбаза, Түркістан, Манкент, Арыс станцияларында вагондарға (платформа) тиеліп, Атырау станциясына «ҚТЖ» ҰК-ның белгіленген кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр. Техникаларды арту жұмыстары 11 сәуірде жүргізілді.

119 техниканы облыстағы құрылыс компаниялары, «Тұран су» мекемесі ұсынды. Кәсіпкерлер осы әрекеті арқылы Атырау халқына қолдау көрсетті.

Сонымен бірге «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы, «Қазавтожол» мекемесі атынан да ауыр көліктер жіберілді. Арнайы жүк артқыш және жүк тасымалдайтын, жер қазатын көліктер және өзге де техникалар су шайған аумақтарды тазалауға және бөгеттер салуға қолданылмақ.

Айта кетейік, Түркістан облысынан су басқан өңірлерге 600 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілді. Ел жанашырлықпен үлес қосуда. Сондай-ақ 150-ден астам кәсіби құтқарушы мен төтенше жағдай қызметкерлері апат аймағында жұмыс істеп жатыр.

 


Рекомендовать
Последние новости