Түркістан: «Nur Otan» фракциясының депутаттары екі мәселеге ерекше талқылау жүргізуде

Dalanews 28 окт. 2021 16:46 677

Түркістан облысындағы 151 ауылда мобильді байланыс мүлде жоқ. Ал өңірдегі 6596 шақырым республикалық, облыстық автожолдардың 3400 шақырымында ұялы байланыстың жоқтығынан телефонмен тілдесу мүмкін емес. Аталған мәселеге орай тұрғындар жиі шағымданғандықтан енді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясы жанынан арнайы жұмысшы топ құрылып, нақты шешу жолдарын қарастыруда, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жұмысшы топтың құрамына облыстық мәслихат депутаттары, байланыс операторлары, жауапты басқарма өкілдері еніп, кеше екінші отырысын өткізді. Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Мақсат – проблемаларды айқындап, шешу жолын қарастыру, тиісті басқарма мен жауапы мекемелерге ұсыныс беру.

Жиында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы орынбасары Ерлан Янабаевтың хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, облыстағы 838 елді мекеннің 481-інде, яғни, 57,3 пайызында 3G және 4G мобильді интернеттері бар.  206 ауылдық елді мекен 2G жүйесіне қанағат білдірсе, 151 ауылда (18,1%) мобильді байланыс болмай тұр. Облыстағы 6596 шақырымға жететін республикалық, облыстық, аудандық және қалалық маңызы бар автожолдардың 3400 шақырымында ұялы байланыс нашар және жоқ.

– Облыс аумағында ұялы байланыс операторлары ұсынатын қызметтер өңір халқының қажеттіліктеріне жауап бермейді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен байланыс операторлары арасындағы меморандум шеңберінде 2020 жылдың соңына дейін «Кселл» акционерлік қоғамы тарапынан 250-ден астам тұрғындары бар 80 ауылдық елді-мекендерді 3G немесе 4G стандартымен мобильдік интернетпен қамтамасыз ету жүктелген  болатын. Алайда 58 елді мекен ғана мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтылды, – деген ол ауыл тұрғындарына мобильдік интернеттен бөлек жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жұмыстарды баяндады. Қазақстанда алғашқы болып біздің облыста «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша талшықты-оптиканы пайдалану жобасы іске асырыла бастаған.



Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов пен өзге де жауапты мекеме өкілдерінің хабарламалары тыңдалды. Облыстық мәслихат депутаттары тұрғындар сапалы интернетке мұқтаж болып отырғанын айтып, мәселені жедел шешу керектігін жеткізді.

Жиын қортындысы бойынша фракция мүшелері мен байланыс саласына жауапты мекеме өкілдерінен құралған жұмысшы топ Түлкібас ауданындағы Састөбе кенті мен Келтемашат ауыл округінде болып,  ұялы байланыс сапасын тексеруден өткізді. Енді жұмысшы топ бекітілген жоспарға сай облыстағы 30-ға жуық елді мекенге барып, байланыстың сапасын тексереді.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясы интернетпен қамтумен қатар өңірдегі карьерлерді заңсыз пайдаланушылардан қорғау мәселесін де бақылауға алған болатын. Облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілген.  Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілерін болдырмау және алдын-алу мақсатында келісімшарт, лицензия аумақтарына зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, облыс аумағында жалпы келісімшарт міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 18 келісімшарт және 4 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Облыстық және аудандық мәслихат депутаттары құзырлы өкілдерімен бірлесіп, бірнеше аудан, қалада карьерлерге мониторинг жүргізді. Ол жұмыстар жалғасады. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша құқық қорғау органдарына ұсыныс беріліп, тиісті шешімдер қабылданады.

Рекомендовать
Последние новости