«Түркістан канал» шаруаларды судан тарықтырмайды

Dalanews 24 окт. 2018 07:55 890

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Түркістан магистральды каналына күрделі  жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нысан пайдалануға берілгенде суармалы жерлердің көлемі артып, шаруалар тіршілік нәрін үздіксіз пайдаланатын болады.

Былтыр қараша айында басталған құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталуы тиіс. Құрылыс барысы өңір тілшілеріне таныстырылды.

Бірер айдың ішінде нысанды толықтай аяқтап бітуі тиіс құрылысшылардың жұмысы қыз-қыз қайнап жатыр. Каналды жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд. 760 млн. теңге қаралған.

Су қойманың жобалық көлемі 370 млн/м3, жаға жиегінің ұзындығы – 35 шақырымнан асады. Құрылыс жұмыстарына бас-аяғы 80-нен астам жұмысшы жұмылдырылған.

– Жөндеу жұмыстарын 20 желтоқсанға дейін аяқтаймыз. Қазір каналдың 2 жарым шақырымы бетондалды. Қалғанын межелі уақытта бітеміз. Жұмысшылар жергілікіті тұрғындар, – деді бөлік басшысы Сәбит Нұркішев.

Жергілікті билік өкілдері шаруалар енді ағын судан тапшылық көрмейтінін айтуда. Суару маусымында тіршілік нәрінен таршылық көретін түркістандық, ордабасылық дихандардың мәселесі шешілген десек болады. Нысан жөндеуден өткеннен кейін каналдың су өткізу мүмкіндігі артып, жапсарлас ауылдарды су алу қаупінің де беті қайтады.

– Жердің бетіне дейін су шығып кететін. Былтыр 44 ұңғыма пайдалануға бердік. Алдағы уақытта 11- ін пайдалануға береміз. Осылайша жер асты суып реттеп, суды үнемдейміз, – дейді Бөген ауылдық округінің әкімі Шәмет Бектай.

Жалпы Ордабасы ауданында 75 мың гектарға егістік егілген. Аудан бойынша қазіргі таңда 6 мыңға жуық жер пайдаланушы бар. Егістіктерге 85 канал арқылы су жеткізілді. Оның 4-уі — республикалық, 72-сі коммуналдық, 9-ы — жеке меншік иелігінде. Жыл басынан бері суармалы жерлердің ауқымын кеңейту мақсатында 6 канал ағымдағы жөндеуден өтіпті. Бұл жұмыстар 1500 гектарға жуық суармалы жерді айналымға қосуға мүмкіндік берген.

 

«Dalanews» ақпарат

Рекомендовать
Последние новости