Түркістан. «Born Nomad» ұлттық қолөнершілер байқауының жеңімпаздары анықталды

Dalanews 29 окт. 2021 08:41 1120

Түркістан қаласында «Born Nomad» атты форум мен қолөнершілер фестивалі өтті. Оны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстандағы АҚШ елшілігі ұйымдастырды. Мақсат – әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы бастамаларын қолдау, дәстүрлі қолөнерді сыртқы нарықта ілгерілету мен шығармашылық индустрияларды дамыту арқылы мәдени мұраны сақтау болып табылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Born Nomad» форумына АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, сондай-ақ жобаға қолдау көрсеткен «ExxonMobil» және «Chevron Kazakhstan» компанияларының өкілдері қатысты.

ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ұйымдастырушылар ұлттық қолөнершілер байқауы және форум қазақстандық қолөнершілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, танымал етуге ықпалын тигізетініне сенім білдірді.

«Born Nomad» жобасы 2000-нан астам қолөнершінің назарына ілігіп, оның ішінде 400-ден астам қолөнерші білімін шыңдап, бизнес дағдысын жетілдірді. 2021 жыл креативті экономиканың жылы болып жарияланғаны белгілі. Бізде қолөнер кәсіпкерлігін жаңа деңгейге шығарудың ерекше мүмкіндігі бар. Бұл әйелдер бизнесі үшін өте маңызды. Біз «Атамекен» тарапынан барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз», – деді Олжас Ордабаев.

«Born Nomad жобасы кәсіпкер әйелдерге жан-жақты мүмкіндік береді, ал олар өз кезегінде Қазақстанның мәдени мұрасын әлемге танытады. Әйел мүмкіндіктерін кеңейту – Америка Құрама Штаттарының сыртқы саяси басымдықтың бірі», – деді бас консул К.Сэвидж.

Форум аясында «Born Nomad» ұлттық байқауының жеңімпаздары алты номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Дәстүр номинациясы» бойынша Мәдина Ахметова (Шымкент), «Жаңашылдық номинациясы» бойынша Әсел Мектепбаева, «Қолөнерші әйел» номинациясы бойынша Дамира Әбікенова, «Жас талант» номинациясы бойынша Әсел Мектепбаева, «Шығармашылық ынтымақтастық» номинациясы бойынша Балнұр Ахметқазиева (төртеуі де Нұр-Сұлтан) және «3D-дегі қолөнер» номинациясы бойынша Айжан Тіленбекова (Алматы облысы) жеңімпаз атанды. Ал Гран-при иегері Дамира Әбікеноваға (Нұр-Сұлтан) 1 миллион теңге тапсырылды.

Форумда қолөнершілер мен креативті экономиканы қолдаудағы мәселелер, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, қыз-келіншектерді қолдауға бағытталған жобалар талқыланды.

Форум сессияларының бірі қазақ қөлөнері және оның жаһандық креативті индустрияда алатын орнын талқылауға арналды.

Фестивальде «Born Nomad» жобасына қатысушы қолөнершілер бұйымдары ұсынылған жәрмеңке өтті.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен АҚШ дипломатиялық миссиясы бірлесіп жариялаған бұл байқауға еліміздің 2000-нан астам қолөнершісі қатысты. Байқау дәстүрлі қолөнерді насихаттап, мәдени мұраны сақтау арқылы әйелдердің экономикалық дамуы мен кәсіпкер әйелдерді қолдауға арналған «Қолөнерші мүмкіндіктерін кеңейту» атты ауқымды жоба аясында өтті. Форумның Түркістан қаласында өтуі де кездейсоқ емес. Түркістан – ежелден қолөнері дамыған әрі Ұлы Жібек Жолы бойында сауда саласы дамыған шаhар.

Рекомендовать
Последние новости