«Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі құрылады

Dalanews 29 окт. 2021 13:31 1110

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Түркістанда өтіп жатқан ÁMEN кинофестивалінде (ÁMEN International Animation film festival) «Қазақфильм» киностудиясы жанынан Қазақ анимация шығармашылық бірлестігі жұмысын бастайтынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Анимация өнері арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу – ұлттық «Рухани жаңғыру» жобасының маңызды міндеттерінің бірі. Өздеріңізге мәлім, алғашқы қазақ мульттуындысының жарық көргеніне биыл 54 жыл толды. Осы уақыт ішінде ұлттық анимацияның жеткен жетістігі де, көтерілген биігі де аз емес.

Ең бастысы, талай таланттар өсіп, ұлттық мектеп қалыптасты. Десе де, заман көші ілгері кетуде. Оған ілесу үшін біздің елімізде барлық мүмкіндік бар. Білімі мен білігі мол шығармашыл жастар, мамандық нәсібін пайдалы кәсіпке айналдырған жекеменшік студиялар, жаңа идеялар мен тың бастамалар және, ең бастысы, осы еңбекті тұтынуға дайын ұлан-ғайыр ел, жасампаз аудитория бар, – деп атап өтті вице-министр. 


Болат Тілепов өз сөзінде мемлекеттік тапсырысты тиянақты реттейтін, мақсатты жұмсайтын жүйе жоқ екенін алға тартты. Вице-министр сол себепті анимациямен айналысатын шығармашылық топтарды қолдаудың жаңа жүйесі пайда болатынын хабарлады.

– Сондықтан да келесі жылдан бастап, жаңадан қабылданған ұлттық жоба аясында «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі өз жұмысын бастайтын болады. Оның негізгі міндеті – ұлттық анимация нарығында жүрген шығармашыл топтарға бір орталықтан қолдау болып, отандық өнімнің өрісін кеңейту үшін жағдай жасау. Екіншіден, анимация өнерін тек балалар контенті ретінде емес, кино мен жарнаманың, компьютерлік ойындар мен веб-коммуникация тіліне айналдыру арқылы толыққанды ұлттық ақпараттық ресурс қалыптастыру. Үшіншіден, әрине әлемдік мультиндустрия өкілдері мен оның ішінде бүгінгі фестивальге қатысып отырған шетелдік әріптестермен де тығыз байланыс орнатып, қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтеру, – деді Б.Тілепов.

Еске салсақ, 29-30 қазан күндері Түркістанда Қазақстан, Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан мен Түркияның білікті мультипликаторларын бір алаңға жиған ÁMEN анимациялық кинофестивалі өтіп жатыр.

Рекомендовать
Последние новости