Тұңғышбай таза адам

Dalanews 31 мар. 2017 05:31 887

Тұңғышбайды халқы неге ұмытпайды? Жүрсін Ерманның бар ойы неде? Тілеухан мен Тазабек кімнің обалына қалды? "Рейтинг" газетіне сұхбат берген айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова бұл тарапта біраз жайттың басын ашқан екен. Оinet.kz сайтындағы жарияланған сұхбаттың бас-аяғын жинақтап назарларыңызға ұсынып отырмыз. 


"Тұңғышбай? Өнер адамы аңғал болады" 


"Білім министрі мен Мәдениет министріне жарымай-ақ қойдық. Тұңғышбай 69 миллион теңге жеді дегенге өз басым сенбеймін. Өнер адамы аңғал болады. Айыптамай тұрып тексеріп алуы керек қой. Мүмкін Тұңғышбайдың атын жамылып, басқа адамдар жеген шығар? Қазіргі Мәдениет министріне әбден көңілім қалды. Қазақ хандарының рөлін сомдаған Тұңғышбайды халқы ешқашан ұмытпайды. Ал Мәдениет министрі қызметінен түскен күні-ақ ұмытылады"

дейді Әселхан Қалыбекова.

Осы ойын әлеуметтік желіге жазыпты. "Тұңғышбайға қатысты жазбаны немереме тергізіп, өзім салғыздым" дейді.

Жүрсіннің ойы неде? 


Келесі кезекте Жүрсін Ерманды да бір сілкіп алыпты. 

"Титтейімізден бірге өскен Жүрсін қымбат адамымыз еді, соңғы уақытта бар ойы ақшаға ауып кетті. Айтысты саудаға салып жіберді... 2012 жылы ретро-айтыс өтіп, Есенқұлмен айтысатын болдым. Айтыс өтерден бірер күн бұрын Жүрсін телефон шалып: «Әй, Әселхан, сендер бұрынғыдай айтысып жүрмеңдер! Есенқұл екеуің келісіп алыңдар. Келісіп алсаңдар, айтыстарың шымыр шығады» дейді. «Әй, Жүрсін! Келісіп алып шыққан айтыс бола ма?! Не айтып тұрсың! Есенқұл екеуміздің айтысымыз қашан жаман шығып еді?!» дедім. «Дұрыс шықсын дегенім ғой» деп міңгірледі де, телефон тұтқасын қоя салды" депті ақын сұхбатында.

Айтуынша, Жүрсіндер «айтысты шоу жасаймыз» деді де, айтысқа сатқындық жасаған.

"Мұның бәрін ескеріп, шамамыздың келгенінше шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым. «Ел іші – өнер кеніші» деген бар, Бекарыс Шойбековтей шәкірт тәрбиелей алмасақ та, ел аузында жүретін ақын шығара алсақ, еңбегіміздің жанғаны. Шәкірттерді бірнеше дүркін тәрбиеледік. Бекжан Базарбай деген бір шәкіртім бар. Тоғызыншы сыныпта оқиды. «Кенже балам» осы деп жүргем. Биыл Отырар ауданына Ерлан Айтаханов әкім болып, өнер мектебін қайтадан ашып берді. Мойынға тағы ауыр жүк артылды. Енді жас ақындарды тәриелеуді қайтадан қолға аламыз. Оқушылардың жазғы демалысына да көп қалған жоқ. Оған дейін ел аралап, екі-үш бала тауып алсам ба деп отырмын" дейді Әселхан Қалыбекова.

"Кімдер есімде қалды?"


"Баяғы Айбегіміз жақсы, халықтың мұңын сол айтып жүр.
Ринат шеттеңкіреп қалды.

Балғынбек, Айнұрлар айтысты қойды. Қазіргі жастардан Айтақынның баласы Жандарбек бар, Сырым деген бала әжептәуір көрініп келеді. Болатбек, Мейірбек, Мұхтар, Аспанбектерді қазіргі айтыстың болашағы деп білемін...".

Діншілдік туралы


Сұхбаттың соңында журналист «кейбір ақындардың сахнадан кетуіне әсіредіншілдігі себеп болды» деген пікір бар. Бұған не дейсіз?" сауал қойыпты. 
– Бұл – ақиқат. Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек біраз ақынның обалына қалды. Ақынның қай-қайсысын алсаңыз да, бәрі кедей. Не үйге, не киімге жарымайды. Соларға қамқор болғансып, Меккеге апарады. Бекболат пен Мұхамеджанмен бірге умра қажылыққа барған ақындардың бәрі діншіл болып шыға келеді, әйтеуір. Шәкәрімнің сөзімен айтқанда, бұлар діншіл емес, пәншіл

– деген екен бұл ретте Әселхан Қалыбекова.

Рекомендовать
Последние новости