Гүлжан Мәуітхан істі болып, сотталып кету қаупі бар

Dalanews 31 мар. 2017 04:21 1003

«Майқапшағай» шекарашылары (ШҚО, Зайсан ауданы) көшіп келе жатқан жесір ананың 50 мың долларын тәркілеп алғаны жайлы бірқатар газет-сайттар жарыса жазған бұдан бұрын. Анықтап айталық: Қытайдағы үйін сатып, Қазақстаннан үй аламын деп, "Майқапшағай" шекара бекетінен өтер кезде бар ақшасынан айырылған Гүлжан Мәуітханның үстінен іс қозғалыпты қазіргі күні. Сот жүріп жатыр. Жесір анаға "Ақша контробандасымен" айналысты деген айып тағылған. Осы істің анығын-қанығын әлеуметтік желідегі парақшасында заңгер Абзал Құспан айтып беріпті.  



Апай кінәлі ме? 


Айтуынша, Мәуітхан Гүлжан қазір ақшасынан айырылғаны аз болғандай, «Экономикалық контрабанда» жасамақшы болды деген желеумен қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
"Іс ШҚО, Зайсан аудандық сотында қаралуда. Мен іс сотқа кеткеннен бастап, ол кісілердің қолындағы құжаттарды саралап, өз сөздерін тыңдап апайдың кінәсіз екендігіне көзімді толық жеткізген адаммын, сол себепті, қолымнан келгенше көмектесуге уәде бергем. Ол кісілердің ең басты қателігі, дені дұрыс заңгер көмегіне дер кезінде жүгінбеуі, әйтпесе жағдай басқаша өрбуі де әбден мүмкін еді"

дейді заңгер.

Ал іс сотқа жолданған. Алғашқы сот 27 наурызда өткен. Құспанның өзі ұшақтың ұшпай қалуына байланысты сот отырысына қатыса алмаған. Семейдегі әріптесін жіберіпті есесіне. 

Негізгі мәселе


Ол мынада: дәл қазір Гүлжән Мәуітхан мен ұлы Әділбекке қаржылай көмек керек екен. 

 "Кеше ғана Мұхтар Тайжан Сіздерден (әлеуметтік желідегі жұртты айтып отыр, авт.) көмек сұрап, Әділбектің жеке құжаты мен банк карточкасын салды. Негізі, Гүлжан апай да, ұлы Әділбек те ешкімнен алақан жайып көмек сұрап отырған жоқ. Әділбек қытай жерінде күреспен айналысқан, кейін бапкер болып қызмет еткен кәсіби маман. Қазір өз еліне келіп, көшеде таксист қызметін атқарса да, нәпақасын адал айырып жүрген азамат. Көмек сұрап отырған мына Мен, Мұхтарға да телефон шалып көмек сұраған Мен" дейді Абзал Құспан.

Заңгер бұл ретте мұның бірнеше себебін алға тартыпты: 

1. Отағасынан ерте айырылса да, өмір бойы тыраштанып еңбек еткен Гүлжан апай, бар жиған-тергенінен бір күнде айырылып қалды.


2. Денсаулығы нашар, ал Қазақстан емханалары болса шетелдік деп қабылдамайды, тек қана ақылы емханаға қаралуға мәжбүр,


3. Астанада үй жалдап тұрып жатыр,


4. Қазіргі таңда өз үстінен қылмыстық өндіріс қозғалып, сотталу қаупі бар.



Мына түрімізбен шеттегі қандастарды қалай шақырмақпыз?


Қаупі бар дегеннен шығады Гүлжән Мәуітханға жанашыр жандар Бас Прокурорға хат жолдапты. Сотқа да өтініштер дайындаған. Бірақ,  "биліктің беті бері қарамай отыр" екен.

"Гүлжан апайдың істі болып, сотталу қаупі анық. Себебі, Майқапшағай кеден бекетінде және Зайсан аудандық сотында бұған дейінде бұндай жағдайлар орын алған екен, ол туралы менің қолымда қазір нақты құжаттар бар.
Ал, егер, іс бұл жолы да алдыңғылардай аяқталса, шеттегі басқа қандастарымызды қалай, не бетімізбен елге шақырмақпыз?

Сондықтан, Гүлжан апай және оның отбасына ең болмаса ел болып осылай көмек етсек, қаржылай демеп, елдігімізді көрсетсек..." депті заңгер. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


Рекомендовать
Последние новости