Туысының атынан қосымша жалақы алып жүрген мектеп директоры айыппұлмен құтылып кетті

Көркем Алдабергенова 17 янв. 2025 10:32 1184

Жетісу облысында туысының атынан қосымша жалақы алып жүрген мектеп директоры айыппұлмен құтылып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жетісу облысы Сарқан аудандық соты келісу өндірісі тәртібінде мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға болып табылатын мектеп директорына сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша (ҚК 189-бабының 3-бөлігі 2-тармағы) қылмыстық істі қарады.
 
Сотта Б., мектеп директоры бола тұра, мектеп мүлкін жымқыруға бағытталған қылмыстық ойға келгені анықталды. 2024 жылы 1 наурыздан бастап Б. ның бұйрығымен Р.-ды кітапханашы және мемлекеттік мекеменің менеджері лауазымына тағайындаған.
 
Наурыз айынан маусым айына дейін Р. менеджер лауазымы үшін еңбекақы ретінде алған 40 000 теңгені Б.-ның келінінің банктік шотына аударып отырған. Ал бұл қаражатты Б. өз қажетіне жұмсаған.
 
Мемлекетке 190 000 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген. Істі қарау барысында аудан прокуроры мен айыпталушы арасында, жәбірленуші өкілінің келісімімен, ҚР ҚПК 616-бабы тәртібінде кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды.
 
Айыпталушы, қорғаушы және жәбірленуші өкілі прокурор ұсынған жаза түрі мен көлеміне келісіп, айыпталушыға ұрланған мүлік құнының он есе мөлшерінде 1 900 000 теңге көлемінде айыппұл салу және қосымша жаза тағайындау туралы шешім қабылданды.
 
Сот қандай жаза тағайындады?
 
Сот прокурор ұсынған жаза түрі мен көлемін, айыпталушының жеке басын, келтірілген залалдың өтелгенін, жәбірленуші өкілінің жазаның мөлшеріне қатысты пікірін ескере отырып, Б.-ны ҚК 189-бабының 3-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 1 900 000 теңге көлемінде айыппұл салу және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын тағайындады.
 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Рекомендовать
Последние новости