"Қоқан-лоқы көрсетілді". Перизат Нұрымова халықтан ақша жинап, көмек сұрады

Көркем Алдабергенова 13 янв. 2025 16:07 1452

Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова халықтан көмек сұрап, ақша жинай бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Перизат Нұрымова ақша жиналып жатқанын растап, оған балаларының қауіпсіздігі себеп болғанын айтты. 

"Бұл жағдай басталғалы бері жеке өзіме қоқан-лоқылар жасалды. Құзырлы органдарға арыз жаздым. Тексеріске жібердім. Бүгінде өз балаларымның қауіпсіздігін ойлаймын. Пәтерді жалдап тұратын мүмкіндігім жоқ. Оны жалдау үшін келісімшарт жасасуым керек. Ал пәтерін жалға беретіндер мені көргенде, алты балам бар екенін естігенде пәтерін жалға бермейді. Осы күнге дейін ата-анаммен бірге тұрдым. Балаларымды алып, бөлек шыққым келеді”, дейді Перизат Нұрымова. 

Бұған дейін құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Шерзат Болаттың отбасына арналған үй қайырымды азаматтың қаржысына салынатынын мәлімдеген болатын. 

Айтуынша, бұның миллиардтаған қаражат жымқырды деген күдікке ілінген Перизаттың қорына ешқандай қатысы жоқ.

“Қаржаубайдың отбасы үшін үй меценат қаражатына салынады. Перизаттың жинаған ақшасы бұл мақсатқа пайдаланылмайды. Біздің бұл жинаққа қатысымыз жоқ. Оның реквизиттерін білмейміз. Қазіргі уақытта пікірлерде түрлі реквизит таралып жатыр. Сондықтан алаяқтық әрекеттердің құрбаны болып қалмаңыздар. Егер нақтылау қажет болса, Перизаттың өзіне хабарласқандарыңыз жөн. Бұл жинақтың мақсаты бізге беймәлім”, – деді Айтбек Амангелді.

Сонымен қатар ол Перизаттың өз адвокаттары бар екенін атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости