"Триллиондаған ақша кетіп жатыр" - маман экономика тығырыққа тірелгенін айтты

Көркем Алдабергенова 14 янв. 2026 09:07

Экономистер Қазақстандағы салық жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанына ашық наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, мемлекетке түсуі тиіс ірі қаржылар назардан тыс қалып, салық органдары шағын кәсіпкерлерді қудалаумен әлек. Ал шын мәнінде бюджетке жетпей жатқан сома миллиардтаған, тіпті триллиондаған теңгеге жетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экономист Жангелді Шымшықов Qasqa jol YouTube-арнасына берген сұхбатында елдегі жағдай «тығырыққа» тірелді деп айтқан: экономика тұралап тұр, қоғамда ашу-ыза күшейіп келеді.

Оның сөзінше, экономикадағы қауіп-қатерді алдын ала бағалап, мемлекетке бағыт-бағдар беруі тиіс арнайы құрылым бар. Ол – Экономика министрлігіне қарасты экономикалық зерттеулер институты. Бұл мекеменің Астанадағы филиалы 2002 жылы ашылған, ал Шымшықов 2018 жылға дейін, 16 жыл бойы оны басқарған.

Экономистің айтуынша, жыл сайын бір сценарий қайталанады: жыл аяқталуға жақындағанда мекемелерде дүрбелең басталады. Себебі игерілмей қалған қаражат «артық» деп танылып, қайтарып алынады. Ал келесі жылы сол көлемдегі қаржы қайта берілмейді. Мұндай тәжірибе, Шымшықовтың пікірінше, экономикалық тұрғыдан да, басқару жағынан да зиян.

Мәселенің түп-төркіні – «жылды нөлден бастау керек» деген қате ұстаным. Бюджет формалды түрде «тазартылғанымен», жаңа жыл басталғанда қаржы бірден түспейді. Қаңтар мен ақпанда мекемелер қаржысыз қалады, ал салықтық есеп-қисап тек наурызда ғана жабылады. Осылайша жүйе өз-өзін тұйыққа тірейді.

Шымшықов салық органдарының басты олқылығы – ірі салық төлеушілермен және түрлі схемалар арқылы табысын жасырып отырған компаниялармен айналыспауында деп есептейді. Оның орнына олар ұсақ кәсіпкерге шүйлігіп, жеңіл нысанға қысым жасауды жөн көреді.

«Триллиондаған ақша кетіп жатыр, соны қайтарудың орнына шұқшиып сыпырғышпен қоқым іздегендей әрекет жасайды. Бұл - нәтижелі жұмыс емес. Керісінше, халықты одан сайын ашындырып, билікке қарсы қояды. Кейде билікті әдейі осы жолға түсіріп отырған біреулер бар ма деген ой келеді. Мақсаты - биліктің әлсіреуі, тіпті күйреуі. Өйткені мұндай басқару жүйесі алысқа бармайды. Біздің экономикамыз қазір өте ауыр жағдайда», - деді экономист.

Тіпті, оның ойынша, бұл процестер жайдан жай болып отырған жоқ. «Біреулер билікті әдейі осындай тығырыққа тіреп, әлсіретуге немесе күйретуге мүдделі ме?» деген күмән бар. Өйткені қазіргі басқару моделі ұзаққа шыдамайды. Ал Қазақстан экономикасы қазірдің өзінде өте ауыр кезеңді бастан кешіп отыр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove