Қаржылық мониторинг агенттігі Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Сот оған "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген.
"Күдікті 5 жыл бойы Instagram әлеуметтік желісінде qais_arr атауымен (2,4 млн жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ, Telegram-дағы "Қора энтертейнмэнт" жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған. Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Pinco сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жазбаларды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар, бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен. Осылайша, Қамза азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыз аударымдары түрінде табыс алып отырған", - деп жазылған хабарламада.ҚМА мәліметінше, заңсыз жолмен алынған кірісті жасыру мақсатында күдікті криптоәмиян пайдаланған. Оған Pinco интернет казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған.
Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Еске салайық, бұған дейін іздеу жарияланған блогер Қайсар Қамза мәлімдеме жасады.
