Qazaq Expert Club-тың қаржы сарапшысы Әйгерім Ілиясованың айтуынша, халықтың банк карталарында орташа мөлшерде қалатын ақша - шамамен 200 мың теңге. Жылдық мөлшерлеме 1%-ға дейін болса, бұл жылына небәрі 2 мың теңгедей табыс әкеледі. Сондықтан бұл өзгеріс салымшылардың қаржы сақтау әдетіне әсер етпейді.
Оның орнына банктер икемді депозиттер ұсынып отыр: қаражатты кез келген уақытта салып, шешіп алуға болады. Күн сайынғы қалған ақшаға пайыз есептелетіндіктен, ақшаны депозитте ұстау әлдеқайда тиімді.
Ал негізгі әсер бизнеске тиеді. Кәсіпорындардың ағымдағы шоттарында ірі қаражат сақталады, сондықтан сыйақы төлеу банктер үшін қосымша шығынға айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде несие құнына ықпал етуі ықтимал.
Сарапшы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға да назар аударды. Олар көбіне бюджет қаражатын депозитке сала алмайды, сондықтан ағымдағы шоттағы сыйақы олар үшін тиімді болуы мүмкін.
Маманның айтуынша, бұл жаңашылдық банктер үшін міндет емес, тек бәсекелестік құралы саналады. Дегенмен ол корпоративтік клиенттер үшін тартымдылықты арттырып, нарықтағы бәсекені күшейтуі мүмкін.
