Қазақстанда соңғы бес жылда жол апатынан 12 мыңнан астам адам қаза тапқан

Көркем Алдабергенова 14 янв. 2026 11:37

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының күрт өсуіне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметтен шұғыл және жүйелі шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, аймақтарға жасалған сапарлар барысында тұрғындар жолдағы қауіпсіздік деңгейінің күрт төмендеп кеткеніне шағымданып отыр.

«Тас жол қателікті кешірмейді. Бірақ тақтайдай трассаға шығып, қателіктің құнын адам өмірімен өтейтін жағдайға жеттік», - деді депутат.

Сәрсенғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жол апаттарының көбеюіне назар аударғанын еске салды. Президент соңғы бес жылда елдегі автокөлік саны 1,7 млн-ға артқанын, жыл сайын Қазақстан аумағынан шамамен 3 млн транзиттік көлік өтетінін айтқан.

Депутаттың сөзінше, көлік көбейген сайын апат қаупі де еселеп артып отыр.

32 мың адам зардап шеккен, 1 446 адам қаза тапқан

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында Қазақстанда 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 32 мыңнан аса адам жарақат алып, 1 446 адам қаза тапқан.

Нартай Сәрсенғалиев бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 мың апатқа көп екенін айтты.

«Соңғы бес жылда жолдағы трагедия салдарынан 12 мыңнан астам азаматымыздан айырылдық. Оның мыңнан астамы - балалар», - деді ол.

Жүргізуші жауапкершілігі мен заңсыз куәліктер

Депутаттың айтуынша, апаттардың басты себептерінің бірі - жүргізушілердің жауапсыздығы.

Төлеу сөзбен айтқанда, ол 2024 жылы 12,6 млн жол ережесін бұзу фактісі тіркелгенін, ал 2025 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 9,7 млн-ға жеткенін келтірді. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны 16 мыңнан асқан.

Сондықтан, оның пікірінше, жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзған азаматтарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу қажет.

Сонымен қатар, Сәрсенғалиев жүргізуші куәліктерін заңсыз беру деректерін түбегейлі жоюды талап етті.

«Интернетте “250 мың теңгеге куәлік жасап беремін” деген жарнамалар қаптап жүр. Соңғы жылдары осындай 222 қылмыстық факт анықталған», - деді ол.

Камера мен дрон – тек жазалау құралы болмауы тиіс

Депутат айыппұлды көбейту мен бақылау камералары мен дрондарды тек жазалау үшін қолдану дұрыс емес екенін атап өтті.

Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропада дрондар жол сапасын бақылауға пайдаланылады. Егер жолда ақау анықталса, ол туралы ақпарат автоматты түрде жауапты органдарға жіберіледі.

Сапасыз жол мен біржолақты трассалар – басты қатер

Сәрсенғалиевтің айтуынша, жол апаттарының 30 пайызы сапасыз жолдардың кесірінен болады.

Ол Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 90-орында тұрғанын айтып, белгісі жоқ, сызығы сызылмаған, шұңқыры жамалмаған жолдар апатқа тікелей әкелетінін жеткізді. Сондықтан жол салу мен бақылаудың ашық әрі жаңа тетігі қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, депутат біржолақты трассаларды «өлім ошағы» деп атады.

2025 жылы адам өліміне әкелген жол апаттары 41,9 пайызға артқан, ал Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жағдай аса ауыр.

Навигация, жарық шамдары және қауіпсіздік

Депутат цифрлық навигация платформалары жүргізушілерді қауіпті учаскелер, ауа райы мен жол жөндеу жұмыстары туралы жедел әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс екенін де айтты.

Сондай-ақ, ол көліктерге заңсыз орнатылатын LED және Bi-LED шамдарға қатаң тыйым салуды ұсынды.

«Қарсы бағыттағы жүргізушінің көзін шағылыстыратын жарық талай адамның өмірін қиды», - деді Сәрсенғалиев.

Депутат жол қауіпсіздігін жекелеген саланың емес, мемлекеттің стратегиялық деңгейдегі мәселесі деп бағалады.

«Жол қысқартамын деп асыққан адамның өмірі қысқарып кетіп жатыр. Сондықтан депутаттық сауалда көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс», - деп түйіндеді Нартай Сәрсенғалиев.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove