Қазақстанның бұрынғы сенат депутаты Ғани Қасымов елдің әскери қауіпсіздігіне қатысты мәлімдеме жасап, қазіргі жаһандық ахуалға байланысты ұлттық қорғаныс саясатын түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы Қазақстанды өз қауіпсіздігіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрлеп отыр.
«Бүкіл әлемде болып жатқан жағдайды ескере отырып, республиканың әскери доктринасын шұғыл түрде қарастыруды ұсынамын», - деді Ғани Қасымов.
Ұлттық армия мен әскери-өнеркәсіптік кешенді күшейту
Экс-депутаттың пікірінше, Қазақстан ешкімге сенбей, өз қорғаныс әлеуетін өзі қалыптастыруы керек.
«Ешкімге сенбей, ешкімге үміт артпай, қуатты, заманауи ұлттық армия мен әскери-өнеркәсіптік кешенді қарқынды дамыту қажет», - деп жазды ол.
Орталық Азия мен Әзербайжанның бірлескен қорғаныс одағы
Ғани Қасымов Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасында ортақ әскери-қорғаныс одағын құруды да ұсынды. Оның ойынша, аймақ елдері бірікпейінше, сыртқы қатерлерге қарсы тұру қиын.
«Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның бірыңғай әскери қорғаныс одағын құру үшін саяси және дипломатиялық шаралар қабылдауы керек», - деді ол.
Қасымов тек Қытаймен шектелмей, Батыс елдерімен де қауіпсіздік саласында келісімдер жасау қажет деп есептейді. Оның айтуынша, Орталық Азия мен Әзербайжанға АҚШ пен Еуропа тарапынан да қосымша қауіпсіздік кепілдіктері қажет.
«Қытайдан бөлек, АҚШ және еуропалық мемлекеттермен де Орталық Азия мен Әзербайжанды кез келген әскери басқыншылықтан қорғауға арналған жаңа кепілдіктер жөнінде келісу керек», - деді экс-депутат.
Шекара маңын күшейту
Бұрынғы сенатор шекара маңындағы аймақтарға ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Ол бұл өңірлерді дамытуға қаржы бөліп, жастар мен әскери қызметкерлерді сол жаққа көшіруге ынталандыру қажет деп санайды.
«Шекаралық аудандарды игеру үшін қажетті қаржы бөліп, ол жерлерге жас отбасыларды, әскери қызметкерлерді және басқа да азаматтарды көшіруге күшті ынталандыру тетіктерін жасау керек», - деді Қасымов.
"Мемлекеттік идеология армияны қолдауға бағытталуы тиіс"
Ғани Қасымовтың пікірінше, мемлекеттің бүкіл идеологиясы армияның, офицерлер мен сарбаздардың беделін нығайтуға жұмыс істеуі қажет.
Ол сондай-ақ қазақстандық әскери кадрларды заманауи соғыс тәжірибесі бар шетелдік мамандар даярлауы тиіс деп санайды.
«Біздің әскери кадрларды АҚШ, НАТО, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Украина және Ресейден келген, қазіргі соғыс жағдайында тәжірибесі бар жоғары деңгейлі мамандар оқытуы керек», - деді ол.
«Неғұрлым ерте бастасақ – соғұрлым тыныш өмір сүреміз»
Экс-сенатордың айтуынша, мұндай ауқымды жұмысты неғұрлым ерте бастау ел халқының қауіпсіздігін соғұрлым сенімді етеді.
