Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында қайғылы оқиға болды. Бір үйде тұратын жалғызбасты ана мен оның екі кәмелетке толмаған ұлы көмір түтінінен уланып, көз жұмды, деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюро31-ге сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 37 жастағы әйел түні бойы пеш жаққан. Таңертең ол және 4, 7 жастағы екі ұлы оянбай қалған. Ал мектепте оқитын үлкен баласы тірі қалып, дәрігерлердің көмегімен аман қалған. Қазір ол амбулаториялық емге жіберілді.
Марқұмдардың денесін құтқарушылар үй ішінен алып шыққан. Әйелді іздеген әріптестері көршілеріне хабар беріп, содан кейін ғана үйдің есігі ашылған. Алайда ішке кірген кезде тым кеш болған.
Көршілерінің айтуынша, үйдің іші көк түтінге толып кеткен. Есікті ашқан сәтте түтін сыртқа шығып, сол кезде ғана тірі қалған бала есікке еңбектеп жетіп, есінен танып қала жаздаған. Жедел жәрдем оны бірден ауруханаға алып кеткен.
Жергілікті тұрғындар марқұм әйелдің бірнеше жыл бұрын жолдасынан ажырасып, осы ауылға көшіп келгенін айтады. Ол осы үйді жалдап тұрып, балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген. Көршілерінің сөзінше, пештің ақаулы екені бірнеше рет үй иесіне ескертілген, бірақ тиісті шара қабылданбаған.
Қайғылы оқиғадан бір ғана бала аман қалды, ол марқұмның жетінші сыныпта оқитын ұлы. Қазір оның жағдайы жақсы, енді оны әкесі алып кетпек.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиғаға үй мұржасының тазаланбауы себеп болуы мүмкін. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
